Маркабаев Берик Мухаметалиұлы
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейнің
дене шынықтыру пәннің мұғалімі
педагог -зерттеуші
Мектеп оқушыларына қозғалмалы ойындарды қолдану арқылы оқу процесін жандандыру
Адам денсаулығын сақтау заман талабынан туындаған мәселенің бірі. Өкінішке орай, қазіргі кезде бала денсаулығы нашарлауда. Оған әртүрлі факторлар әсер етуде. Баланың таза ауада серуендеуі азайып, керісінше, әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отыруы көбеюде. Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, 50% бала көз ауруына шалдыққан. Осы орайда денсаулықты сақтау, спортпен айналысу өзекті мәселенің біріне айналды.
Педагогикалық практика көрсетіп отырғандай, осы кезеңде баланың белсенді іс-әркеті қалыптасады. Белсенді іс-әрекет баланың маңызды қасиеті бола тұра, ол әр балада әртүрлі сипатта дамиды.
Дене тәрбиесінің көптеген құралдарының ішінде бастауыш сыныпта спорттық дағдыларды қалыптастыруда, оқу процесін жандандыруда жетекші болып табылатын қозғалыс ойындары кеңінен қолданылады.
Дене шынықтыру пәні мектеп бағдарламасында маңызды пәндердің бірі болып табылады. Пәннің мақсаты оқушының денсаулығын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды үйретеді.
Дене тәрбиесі тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы маңызды пәндердің бірі болып табылады.
Дене шынықтыру пәнінің басқа пәндерге қарағанда көптеген ерекшеліктері бар. Мұнда негізінен оқушының қабілеті, бейімділігі баса назарда болуы керек. Дегенмен де оқушыларды бейімдеу, қабілетін дамыту, спортқа деген қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты. Сондықтан оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттыру, сабақта тақырыпқа байланысты спорт түрлерінің шығу тарихын, спорт түрлері дамыған елдерді, спорттың әр саласындағы белгілі спортшылар өмірін алуға болады.
Дене шынықтыру сабағында қозғалмалы ойындарды қолданудың маңызы зор. Ойын, біріншіден, оқушының белсенді іс-әрекетін қалыптастырса, екіншіден, өмірге деген көзқарасы мен сенімін дамытады. Сондықтан да қозғалмалы ойындардың ерекшеліктері мен сипаты әртүрлі болып келеді. Оны ғалымдар әртүрлі аспектісіне байланысты топтастырған. Бірінші блоктағы ғалымдар, қозғалмалы ойындарды белсенді іс-әрекетті дамытудың құралы ретінде зерделесе, екінші блоктағы ғалымдар, оны оқушылардың эмоционалды даму мүмкіндіктерімен байланыстырады.
Қозғалмалы ойындар оқушының белсенділігін дамытады және оқу процесін жандандырады. Дене жаттығулары – бұл қозғалмалы ойындарының негізі болып табылады. Балалар қызығушылықпен оны қолданады. Ойынды таңдау барысында мұғалім негізгі педагогикалық принциптерді негізге алуы керек. Атап айтсақ:
- оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін есепке алу;
- оқушының физикалық мүмкіндіктерін ескеру.
Қозғалмалы ойындар баланың денсаулығына жағымды әсер етеді. Баланы ерте жастан белсенділікке, ептілікке дағдыландырады. Сонымен қатар ойындардың нәтижесінде олардың дене шынықтыру мен спортта маңызды болатын әрекеттерге қабілеттері, ептіліктері артады. Оқушының қозғалысқа деген табиғи қажеттілігі олардың қимыл-қозғалыс ойындарындағы белсенділігінен байқалады. Қозғалмалы ойындар оқушылардың дамуында шешуші рөл атқаратындықтан, оларды ойнау процесінде педагогтер тиімді жағдайлар қалыптастыру керек.
Дене шынықтыру мұғалімі сабақ барысында балаларға гнмнастиканы, жеңіл атлетиканы үйрету кезінде олардың дұрыс қимылына ерекше көңіл бөледі. Көп қайталанып істелетін қозғалыстар оқушылардың кабілетін дамытуға, шапшаң және орынды қолдануға үйретеді.
Қозғалмалы ойындар арасында сюжеттік (имитациялық) ойындар ерекше орын алады. Мұндай ойындар оқушылардың белсенділігін дамыта отырып, рөлдерді ойнауға, сюжетке байланысты образға енуге мүмкіндік береді. Имитациялық ойындарды дене шынықтыру сабағында пайдалану, оқушының дене тәрбиесін жетілдіруге көмектеседі. Олар қоршаған ортадағы әртүрлі бейнелерді көрсетіп, ойынға имитациялық қозғалыс береді. Сонымен қатар қозғалмалы ойындар мектепте әртүрлі сайыстарға қатысу арқылы шешіледі.
Ойынды өткізу кезіңде педагог мына талаптарды орындауы шарт:
1.Ойын ережесі мен талаптарды түсіндіру;
2.Материалдық-техникалық жағдайлармен қамтамасыз ету;
3.Оқушының даму деңгейі мен жас ерекшеліктерін ескеру;
4.Оқушылардың арасында позитивті қатынас орнату;
5.Ойын түрлерін оқушының қызығушылығына сәйкес таңдау
Бастауыш сыныпта дене тәрбиесін ұйымдастырудың түрлеріне тоқталатын болсақ. Ең бірінші оқушылардың күн тәртібін ұйымдастыру барысында сауықтыру шаралары жүргізіледі. Олар: таңертеңгі жаттығу, қозғалмалы ойындар, серуен кезіндегі жаттығулар мен спорттық ойындар, сергіту сәттері, ауладан тыс жерге саяхат жасау, спорттық ойындар.
Тағы бір қызықты кезеңі ойынды басқару. Бұл іс-әрекет жасаудың ең күрделі түрі болып табылады. Педагогтың шеберлігі ойынды дұрыс бағыттауына байланысты. Ойынға басшылық жасай отырып, педагог оқушылардың белсенділігін дамытады, ойын мәселесін шешуге көмектеседі.
Ойынның аяқталуы. Қозғалмалы ойындарды дұрыс ұйымдастыру оның дұрыс өткізілуін ғана емес, сонымен бірге өз уақытында аяқталуын қарастырады. Ойынның уақытынан бұрын тоқтатылуы немесе шамадан тыс созылуы орынсыз. Ойын ұзақтығы оның сипатына, сабақ шарттарына және ойыншылардың құрамына тәуелді.
Ойын қорытындысын шығару оның нәтижелерін анықтаумен байланысты. Ойынды объективті талдау ойыншыларды дұрыс өзіндік бағалауға үйретеді.
Оқушының қозғалмалы ойындар барысында барлық дене мүшелері қимылдап, дами түседі. Жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, қағып алу қабілеттерін жетілдіруге, дамытуға мүмкіндік береді. Қозғалмалы ойындар баланың жүйке қалыптасуына зор ықпал етеді. Қозғалмалы ойынында ұйымдастырушы жетекші рөл атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым- қатынасын нығайтады. Қозғалмалы ойындар үйдің ішінде және серуен кезінде бірнеше баламен немесе бүкіл топпен өткізіледі. Олар сондай-ақ дене шынықтыру сабақтарының құрамына енеді. Оқушылар ойынды игерген соң өздігінен ойнай алады.
Қозғалмалы ойындар – оқушылардың сүйікті де пайдалы іс-әрекетінің бірі болып табылады. Түрлі ойындар арқылы балалардың қызығушылығы мен белсенділігі оянады. Олардың арасында әсіресе эстафеталық ойындарға деген қызығушылық басым. Эстафета – топтық ойын. Яғни, топ құрамындағы әрбір бала түрлі кезеңдерден өтіп, келесі қатысушының алақанына қолын тигізу арқылы кезегін беріп отырады. Жеңіске мәре сызығын бірінші болып аттаған топ жетеді.
Ойын барысында балалар әлеуметтік мінез-құлық нормалары туралы түсініктерді қалыптастырады, сонымен қатар белгілі бір мәдени дағдыларды дамытады. Алайда, ойын барысында шешілетін педагогикалық тапсырмаларды мұғалім жақсы меңгерген кезде ғана пайдалы болады.
Қорыта айтқанда, қозғалмалы ойынды жүргізу әдістемесін былай топтастыруға болады:
- Ойын таңдау
- Мазмұнды, мәтінді үйренуге дайындық,
- атрибуттарды дайындау
- Балаларды ойынға жинау
- Ойынды түсіндіру (ойын ережелері)
- Түсіндіруге қойылатын талаптар
- Рөлдерді бөлу
- Жүргізушіні таңдау әдістері
- Ойын нұсқаулығы
- Ойынның аяқталуы, қорытындылау
Үлкен заттармен (үрілген шарлармен жан-жақты дамытатын жаттығуларды орындау) бұл жаттығуда кеңістікті болжау, заттың көлемін анықтау, тыныс алу мүшелерінің артикуляциялық қозғалысы сияқты қарапайым ұғымдарды үйренеді.
Қозғалмалы ойындар баланың белсенділігін, қызығушылығын дамытады. Қыс мезгілінде шанамен тебу, қармен әртүрлі кейіпкерлердің образын салу сияқты қызықты жұмыстар баланың шығармашылығын дамытады.
Қорыта айтқанда, қозғалмалы ойындар аса көңілді әрі пайдалы әрекет түрі болып табылады. Қозғалмалы ойындардың көңілді әрі пайдалы болатын себебі, бұл ойындарды ойнай жүріп, жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, тепе- тендік сақтау және мінез-құлықты тәрбиелеу сияқты барлық негізгі қимыл–қозғалыстарды дамытуға болады.
Пайдаланған әдебиеттер
- Жуков М.Н. Подвижные игры. -М «Академия», -2002.
- Осокина Т.И., Тимофеева Е.А. Подвижные игры и физические упражнения на прогулке. -2004.
- Коротков И.М. Подвижные игры в занятиях спортом. – М.: ФиС, —
- Былеева Л.В., Коротков И.М. Подвижные игры. – М.: ФиС, —