Home » статьи » Мектеп жасына дейінгі күрделі сөйлеу бұзылысы бар балалардың ойлау әрекетінің ерекшеліктері

Мектеп жасына дейінгі күрделі сөйлеу бұзылысы бар балалардың ойлау әрекетінің ерекшеліктері


Жаумбаева Жангул Кайргалиевна
Атырау облысы
№20 «Алтын балық» сөйлеу тілінде күрделі  бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы балабақшаның
Педагог психологы

 

Мектеп жасына дейінгі күрделі сөйлеу бұзылысы бар балалардың ойлау әрекетінің ерекшеліктері

Баланың сөйлеуі – оның айналамен қарым-қатынас жасауының, ойын еркін білдіруінің, ойлау қабілетін дамытудың негізгі құралы болып табылады. Алайда кейбір балалар үшін сөйлеу олар үшін үлкен қиындық тудырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу қабілеті олардың танымдық дамуы мен қатар ойлау әрекетінің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Бұл мақалада күрделі сөйлеу бұзылысы бар балалардың ойлау әрекетінің ерекшеліктері қарастырылады. Сонымен қатар, олардың когнитивті дамуын жетілдіруге бағытталған логопедиялық жаттығулар мен түзету әдістерінің тиімділігі талданады. Сөйлеу – баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасының негізгі құралы ғана емес, оның когнитивтік процестерін жетілдірудің маңызды факторы. Күрделі сөйлеу бұзылысы (КСБ) бар балалардың ойлау әрекеті басқа балалармен салыстырғанда өзгеше қалыптасады. Бұл балалар ойларын жүйелі түрде жеткізуде қиналады сонымен қатар заттар мен құбылыстарды түсінбейді, тіпті қарапайым сөйлем құраудың өзінде көптеген қателіктер жібереді. Бұл мәселені  бей- жай қалдыруға болмайды, себебі тіл дамуы тежелген әрбір баланың күнделікті өмірде де, оқу процесінде де, қиындықтарға ұшырау ықтималдылығы жоғары.

Мамандардың айтуынша «Күрделі сөйлеу бұзылысы бар балалардың» ойлау жүйесі визуалды-бейнелік ойлау жүйесі басым болады.  Бұл дегеніміз, балалар нақты заттарды, суреттерді жақсы есте сақтап қалады, алайда абстрактілі ойлау олар үшін үлкене проблема. Бүлдіршіндердің  вербалды-логикалық ойлауы жеткілікті деңгейде дамымағандықтан, тапсырмаларды орындау барысында нақты көмек пен бағыт-бағдарға мұқтаж. Бүлдіршіндер үшін вербалды тапсырмаларды орындау қиындық тудырады, өйткені сөйлеу белсенділігінің төмендігі олардың ойларын толық әрі нақты жеткізуіне үлкен кедергі келтіреді.  Мысал келтірсек: Балалардан «жақсылық» пен «жамандық» деген сөздердің мән-мағынасын ашып беруді сұрасақ, олар толықтай жауап бере алмайды яғни, балалар нақты мысалсыз түсінуі екіталай. КСБ бар балалармен жұмыс жасау кезінде ең алдымен көрнекілікке және практикалық әрекеттерге көп мән беру қажет. Сонымен қатар, КСБ бар балаларда ойлау процестерінің баяулығы, тапсырмаларды орындаудағы тұрақсыздық, назар аудару қабілетінің төмендігі және есте сақтау ерекшеліктері бірден көзге түседі. Мұндай балаларда когнитивті қызметтің жеткіліксіз деңгейде болуы олардың сөйлеу қабілетінің бұзылуымен тікелей байланысты. Жалпы КСБ бар бүлдіршіндер көбіне қоршаған ортамен қарым-қатынаста тұйық келеді, оған басты себеп өз ойын толық жеткізе алмайтындығын сезінеді. Сөздік қоры аз болғандықтан, сөйлемдерді дұрыс құрастыра алмайды, бұл олардың өзіндік пікірін айтуға кедергі келтіреді. Ал мұның салдары баланың өзіне деген сенімінің төмендеуіне, психологиялық күйзелістерге алып келуі мүмкін. КСБ бар балаларды емдеуге болады бұл шешілмейтін мәселе емес. Қазіргі технологияның мына заманында арнайы түзету-дамыту бағдарламалары арқылы  балалардың сөйлеуін дамытып, ойлау жүйесін жақсатуға толықтай мүмкіндіктер бар.  Түрлі логопедиялық сабақтар, арнайы ойын  жаттығулары, интерактивті әдістер мен түрлі көрнекіліктер олардың сөйлеу және ойлау қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Баланың сөйлеу дағдысын дамыту – тек педагог пен логопедтің ғана емес, ата-ананың да басты міндеті екендігін басты назарға алу тиіспіз. Себебі балаға педагогтар мен логопедтердің көмегінен қарағанда ата-ананың қолдауына, жылуына, көмегіне мұқтаж. Ата-аналар балаға көбірек әңгіме айтып, бірге кітап оқып, ақыл- ойды дамытуға арналған жаттығуларды жасаса, сонымен қатар түрлі сұрақтар қойып, ойын дамытуға жағдай жасауы міндетті. Үй жағдайында да түрлі жаттығулар жасап, тілдік дағдыларын дамытуға көмек қолын  созу қажет. Осының нәтижесінде балада сенімділік пайда болып, алдыға қарай алғашқы қадамдарын басар еді. Соңғы уақыт аралығында КСБ бар балаларды емдеудің ғылыми дәлелденген арнайы әдіс тәсілдері оң нәтиже беруде.

Сөйлеу мүшелерін (тіл, ерін, жақ) дұрыс жұмыс істеуге үйрететін жаттығуларға: «Сағат» жаттығуы және  «Жел шығару» ойыны;

Дыбыстарды ажыратуға және есте сақтауға: «Артық дыбысты тап» ойыны мен «Дыбысты тыңда және таны» жаттығулары көмектеседі.

Қазақстандық мамандар бүлдіршіндерге арнайы тәжірбие жұмыстарын жүргізіп, балалардың сөйлеу және ойлау қабілетін жақсату үшін «Оқиға құрастыру» әдісін қолданған болатын. Бұл әдіс оң нәтиже берді. Яғни, не бәрі алты айдың ішінде баланың сөйлеу дағдысы елу пайызға жақсарғаны анықталған. Осындай әдістер баланың сөйлеуін ғана емес, оның есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын, әлеуметтік бейімделуін жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы жаттығуларды тұрақты түрде үзбей, жүйелі түрде орындау қажет және баланың дамуын тұрақты бақылап назарда ұстау керек.

Қорытындылай келе, КСБ – тек тілдің ғана емес, ойлау қабілетінің де дамуына әсер ететін ең маңызды фактордың бірі. КСБ бар балаларға ерекше көңіл бөлініп, олардың ойлау және қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруге бағытталған жұмыстар үздіксіз әрі тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Өйткені баланың ертеңгі жетістігі – бүгінгі қамқорлық пен дұрыс бағыт-бағдарға тікелей байланысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*