Жубаназарова Н.С.
Алматы қ.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
психология ғылымдарының кандидаты,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры
Закарьянова Ш.
Алматы қ.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
психология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Ашимова Айшагуль
Алматы қ.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының
1-курс магистранты
Басқару әрекетінің қоғам мен ұйымдағы рөлі
Басқару әрекетінің қоғамдағы рөлі зор әрі көпқырлы. Ол қоғамның барлық салаларының үйлесімді әрі нәтижелі дамуын қамтамасыз етеді. Басқару қызметі арқылы ұйымдар мен кәсіпорындардың мақсаттары айқындалады, ресурстар тиімді пайдаланылады, сондай-ақ қоғам қажеттіліктері қанағаттандырылады. Қоғам үшін басқарудың мынадай маңыздылығын атап өтуге болады:
Ең алдымен, экономикалық тұрақтылықтың пайда болуын айтуға болады. Басқару экономикалық секторда аса маңызды рөл атқарады. Ол кәсіпорындар мен ұйымдардың табысты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға, ұлттық экономиканың дамуына ықпал етеді.
Екіншіден, әлеуметтік теңдіктің орнауына ықпал етеді. Басқару қоғамдағы әлеуметтік саясаттың жүзеге асуына көмектеседі. Білім беру, денсаулық сақтау, және әлеуметтік қолдау жүйелерін тиімді басқару арқылы қоғамдағы өмір сүру деңгейі көтеріледі, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктеріне қол жеткізуі артады.
Үшіншіден, технологиялық дамудың қозғаушысы ретінде қарастыра аламыз. Басқарудың арқасында ғылыми жаңалықтар мен технологиялар қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес енгізіледі. Бұл өнімділікті арттырып, жаңа салалардың пайда болуына ықпал етеді, соның нәтижесінде жалпы қоғамның дамуы жеделдейді.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп және тұрақтылықты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Басқару құрылымдары құқықтық тәртіпті сақтау және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік басқару азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға, құқықтық тәртіп орнатуға және бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Осылайша, басқару әрекеті қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі күштердің бірі болып табылады, ол адамдардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге ықпал етеді.
Ал басқару құзыретін дамыту үшін білім алудың қажеттілігін ұмытпаған абзал. Қоғамның алға басуы ондағы ұйымдардың жетістіктерімен тығыз байланысты. Ұйымдағы басқару қызметі арқылы тұрақтылық пен өнімділікке жетуге болады. Осы мәселенің маңыздылығын айқындай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистранттар үшін “Басқару психологиясы” атты пән жүргізіліп, теориялық және тәжірибелік дағдыларды дамыту үрдісі ұйымдастырылады. Философия және саясаттану факультетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Жұбаназарова Назираш Сүлейменқызының жетекшілігімен басқару құзыреті, ұйымдағы басқару қызметі, іскерлік қарым-қатынас, ұйымдағы келіспеушіліктер, олардың шығу себептері секілді ауқымды тақырыптар талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынады. Сонымен қатар, білім алушылар әр түрлі дереккөздер мен әдебиеттерден жаңа ақпараттар алып, түсінік қалыптастырады.
Басқару психологиясы – ұйымдар мен ұжымдардағы адамдардың мінез-құлқын зерттейтін ғылым саласы. Бұл бағыт адамдардың психологиялық ерекшеліктерін, мотивациясын, қарым-қатынас тәсілдерін және олардың жұмыс нәтижелілігіне әсерін зерттейді. Басқару психологиясы арқылы ұйым басшылары қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттырып, ұжымдағы психологиялық климатты жақсартуға мүмкіндік алады. Оның ішінде көшбасшылық стилі, мотивация түрлері және конфликтілерді шешу жолдары сияқты маңызды тақырыптар қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, басқару психологиясы тиімді басқару жүйесін құруға және ұйым мақсаттарына жетуге ықпал етеді.
Сабақ уақытында әр түрлі ғалымдардың еңбектерін қарастырып, маңызды тұжырымдарды бекітеміз. Солардың арасынан психология ғылымдарының докторы Людмила Столяренконың оқу құралдарын ерекше атап өтуге болады. Ол басқару психологиясын жан-жақты зерттеп, осы саладағы тұлғааралық қарым-қатынастарды, психологиялық әсер етудің механизмдерін, тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдаудың психологиялық аспектілерін қарастырды. Столяренко басқару психологиясында тиімді қарым-қатынас жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Ол басшы мен қызметкерлер арасындағы сенімді қарым-қатынас басқарушылық мақсаттарға жетудің негізі деп санайды. Басқару психологиясында шешім қабылдау процесі күрделі психологиялық әрекет ретінде қарастырылады. Столяренко бұл процесте аналитикалық ойлау, эмоционалдық бақылау және жағдайды жан-жақты бағалау маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Сондай-ақ, оның еңбегінде ұйымдағы конфликттерді басқару әдістері де қарастырылған. Столяренко ұйымда конфликтті жағдайлардан шығудың тиімді жолдарын ұсынып, психологиялық тәсілдерді қолданудың тиімділігін атап өтеді.
Жалпы айтқанда, басқару психологиясы – басқару қызметінің ажырамас бөлігі, өйткені ол басшыға тек басқару стратегиялары мен әдістерін ғана емес, сонымен қатар қызметкерлермен қарым-қатынасты тиімді орнатуға, жұмыс процесін психологиялық тұрғыдан үйлестіруге мүмкіндік береді. Басқару қызметінің сапасы психологиялық білім мен әдістерді дұрыс қолдануға тікелей байланысты, әрі психологиялық аспектілер ұжымның жалпы табысына айтарлықтай ықпал етеді. Басқару қызметі тиімді жұмыс істеу үшін әртүрлі басқару құралдарын ғана емес, сонымен қатар психологиялық факторларды да ескерудің қажеттілігі туындайды. Осы себептен де жоғары оқу орнындағы білім алушылардың біліктілігін арттыру және болашақ жұмыс орнына дайындау мақсатында «Басқару психологиясы» пәнінің маңызы зор. Бұл білімді игеру арқылы студенттер ұйымда жұмыс істеудің қыр-сырын танып, қарым-қатынас орнатудың, келіспеушіліктерден шығу жолын, мәселенің туындау себептерін, ұйымдағы адамдарға әсер етудің мәнін түсініп, оны тәжірибеде қолданудың әдістемесін ұғынуда. Сондықтан саналы қоғамды құру мақсатында қызмет ететін болашақ мамандар үшін басқару қызметін ұғынудың, басқару психологиясын зерттеудің мәні ерекше.