Алматы қаласы, Әуезов ауданы
№129 бөбекжай-балабақшасында ерекше мәнге ие спорттық сайыс өтті. “Әкем, анам және мен” атты жарыс балабақша бүлдіршіндері мен ата-аналардың басын қосып, бірлігі жарасқан жанұялардың спорттағы шеберлігін сынады. Аталған сайыс – тек жарыс қана емес, балабақша мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын мәнді шара болды.
Бұл күні балабақшаның ересек “Күншуақ” тобының тәрбиеленушілері мен ата-аналары төрт командаға бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қатысушылары Сұңқар, Қыран, Жалын және Тұлпар командаларына бөлініп, спорттық сайыста ептілік пен жылдамдық танытты. Әр команда өз ұраны мен ерекше дайындықтарын көрсетіп, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды.
Балалар мен ата-аналар эстафеталық ойындарда шапшаңдықтарын көрсетсе, доппен секіру, дәлдікке лақтыру, кедергілерден өту сынды тапсырмаларда олардың төзімділігі мен ептілігі сыналды. Көрермендер әр қатысушыға қолдау көрсетіп, сайыс алаңын нағыз спорттық рухқа толтырды.
Жарыстың соңында төрешілер әділ бағаларын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлдені ерекше белсенділігімен көзге түскен Берікқазы отбасы (Сұңқар тобы) жеңіп алса, Асқаровтар отбасы (Жалын тобы)
1 орынға ие болды. Рысбай отбасы (Тұлпар тобы) 2 орынды еншілесе, Құмаровтар отбасы (Қыран тобы) 3 орынға жайғасты. Дегенмен, бұл сайыста ең бастысы – жеңіс емес, отбасылық бірлік пен татулық екенін барлығы сезінді.
Жарысты ұйымдастырып,
жоғары деңгейде өткізген тәрбиеші Көшекбаева Мөлдір Айтжанқызына ата-аналар алғыстарын білдірді. Балабақша меңгерушісі Беспаева Гүлжаһан Тоқташбайқызы естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыстап, осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Бұл сайыс ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты одан әрі нығайтып қана қоймай, оларды спортқа баулудың, салауатты өмір салтын насихаттаудың бір көрінісі болды. “Әкем, анам және мен” сайысы бүлдіршіндердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы