Home » статьи » Қош келдің, Әз Наурыз!

Қош келдің, Әз Наурыз!

Халқымыз үшін қасиетті де қадірлі мейрам – Наурыз мерекесі жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Бұл мерекенің маңызы – жаңа жылдың, жаңа өмірдің, табиғаттың жаңаруын білдіруінде. Қыстан аман шыққан халық Наурызды асыға күтеді. Барлық қуаныш пен жақсылықтың бастауы болсын деп тілек білдіріп жатады. Наурыз мерекесінен балалар да шет қалмады. Ұлық мерекені балабақшада атап өтудегі басты мақсат — салт-дәстүр, Наурыз құндылықтарын дәріптеу. Бұл — бала тәрбиесіндегі басты қағида. Осындай игі шара бүгін Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Алмалы ауданындағы №74 бөбекжай-балабақшасында өткізілді. Балабақша ұлттық нақышта безендірілді. Кішкентай тәрбиеленушілер ұлттық киімдерін киіп, мерекенің ажарын аша түсті. Бұл дәстүрлі шараға «Гүлдер» ересек тобы мен «Аққу» мектепалды тобының тәрбиеленушілері, тәрбиешілер және  ата-аналар белсенді қатысып, ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға өз үлестерін қосты.

Балабақшамыздың кішкентай бүлдіршіндері өю-өрнектеп тігілген, көздің жауын алатын киімдерді киіп, «Текемет», «Домбыра», «Асық», «Батырлар» билерін билеп, ән салып, ұлттық ойындардан өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар өнерлі тәрбиешілеріміз  «Баланы бесікке салу», «Шашу» сынды ұлттық көріністерді көрсетіп, мерекенің шырайын келтірді. Мерекеге келген ата-аналар дән риза болып, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Шара соңында қонақтар арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татып, баталарын берді.
       

№74 бөбекжай-балабақшасында өткен Наурыз мерекесі балалар үшін танымдық әрі қызықты іс-шара болды. Балабақша ұжымының ұйымдастыруымен өткізілген бұл мереке ұлттық мәдениеттің ұлықталуына, балалардың салт-дәстүрлерді терең түсінуіне ықпал етті. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады.

Наурыз – тек көктемнің ғана емес, татулық пен бірліктің, мейірімділік пен ізгіліктің мейрамы. Бұл мереке әр шаңыраққа шаттық, молшылық, береке әкелсін!

№74 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері:
Туганбаева Оразгул Турлыбековна
Момбекова Калкен Токтасыновна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*