Home » статьи » Қош келдің, Әз-Наурыз!

Қош келдің, Әз-Наурыз!

Құрметті қонақтар шақырылып, балалар мен ата-аналардың, тәрбиешілердің атсалысуымен №194 бөбекжай-балабақшасында “Қош келдің, Әз — Наурыз!” атты ауқымды мерекелік іс-шара кең көлемде аталып өтті.

«Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты ашық шара ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, балалар мен ата-аналардың, тәрбиешілер мен қонақтардың басын қосты.

Балабақшаның ауласы Наурыз мерекесінің сәніне сай безендіріліп, ұлттық киім киген балалар көркем әуенмен мерекені бастап берді. Шараның мақсаты — ата-аналармен балабақша арасындағы байланысты нығайту, балаларға Наурыз мейрамының мән-маңызын ұғындыру және ұлттың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын насихаттау болды.

Жүргізуші құттықтау сөзінде:

«Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына Ұлыстың ұлы күні келді, ағайын! Наурыз тойы құтты болсын!» – деп, мерекелік кештің шымылдығын ашты.

Мереке барысында көрісу рәсімі, сүйінші сұрау, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той сынды ұлттық дәстүрлер сахналанып, бүлдіршіндер ұлттық болмысты сезініп, үлкен қуанышпен орындап шықты. Сондай-ақ «Көктем келді», «Әз-Наурыз», «Анашым» атты әндер шырқалып, «Наурыз», «Қара жорға» билері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекенің көркін қыздырған тағы бір ерекше бөлім — ұлттық ойындар болды. «Қол күрес», «Қамшы алу», «Арқан тарту», «Тақия тастамақ» ойындары балалар мен ата-аналардың белсенді қатысуымен тартысты әрі қызықты өтті. Сонымен қатар, балалардың орындауындағы ұлттық аспаптар оркестрі — «Еркесылқым» туындысы да тыңдаушылардың көңілінен шықты.

Жырдан шашу шашып, әнмен әрлеген бұл шара елдің ертеңі саналатын бүлдіршіндердің бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттыруға сеп болды. Әз-Наурыз әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен бірлік әкелсін!

Әрбір шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды балаларға ойын арқылы жеткізе білетін ұжым Наурыз мерекесін де ерекше ықыласпен қарсы алды. Олар сценарийден бастап сахналық қойылымдарға, ұлттық ойындар мен киім үлгілеріне дейін ұқыптылықпен дайындалып, балабақша өмірін нағыз мерекелік ортаға айналдырды.

Ұжымның ұйымшылдығы мен шығармашылығының арқасында ата-аналар мен қонақтар Наурыз тойынан ерекше әсер алып, ұлттық рухты сезініп қайтты.

Шараның сәтті өтуіне балабақшаның меңгерушісі Абдикадырова Алия Слановнаның кәсіби басшылығы мен әдіскер Беккожаева Айгуль Какимбековнаның ұқыпты ұйымдастырушылық қабілеті үлкен үлес қосты. Өз істеріне жауапкершілікпен қарап, әрбір шараның маңыздылығын терең сезінген ұжымның еңбегі көпшіліктің алғысына бөленді.

Әдіскер: Беккожаева Айгуль Какимбековна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*