Айдос Көркем,
Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
9-сынып оқушысы
жетекшісі:Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы
Тіл – басты құндылық. Қазақ тілінің сөз маржаны — қазақ әдебиетінің алтын қорының қоржынында. Кестелі сөз рухани құндылығымызбен, патриотизмдік деңгейімізді күшейтеді. Ал өлең, жыр, шығармалар — терең мағынаға ие туындылар, түсіне білген адамға ол — теңдессіз құндылық. Сөз өнері мәдениетпен, рухани құндылықпен астасып жатыр десек болады. Әдебиет дегенде ойымызға бірден Алаш зиялылары келеді. Олардың қазақ әдебиетіне қосқан үлесін сөзбен жеткізу қиын. Қазақ әдебиетін бір зәулім сарай десек, ақиық ақындарымыз, Алаш зиялыларымыз алтын қабырғасын тіреп тұрған даналар іспеттес. Осы орайда, қазақ әдебиетінің поэзия жанры туралы Шоқан Уәлихановтың айтқан мыны бір керемет сөзі есіме түседі: “Қазақ поэзиясы — халықтың рухани байлығының қайнар көзі, ол халықтың өмірін, қуанышын, мұңын шынайы суреттейді». Бұл сөздің астарына үңілсек, сөз маржаны арқылы адамдардың мінез-құлқы, хал-ахуалын, қуанышын, мұң наласын жеткізген. Мұхтар Әуезов «Қазақ прозасы халықтың жаны мен жүрегінен туындайды. Ол — халық өмірінің шежіресі, тағдырының айнасы» деп бекер айтпаса керек.
Сөз өнерінің құдіреті — адам баласының жүрегіне терең әсер етуінде, сезім пернелерін дөп басуында жатыр. Ол адамдар арасындағы байланыс пен түсіністікті нығайтып, рухани азық сыйлап, дүниетанымын арттырады. Сөз өнері — көркем әдебиет, поэзия, драма, публицистика сияқты жанрлар арқылы адамның ішкі әлемін, қоғамның мәселелерін қозғауға, сана мен сезімді оятуға қауқары бар құдіретті өнер. Бұл — сөздің тек ақпарат беру құралы ғана емес, ол адамның көңіл-күйін, дүниетанымын, әлемге деген көзқарасын өзгертетін қуатты құрал екендігінің айғағы. Ол адамдарға ой салуға, шабыттандыруға, әлдеқашан ұмытылып кеткен құндылықтарды қайта жаңғыртуға көмектеседі.
Қазіргі жаһандану заманында ана тіліміздегі кестелі сөзді пайдаланып, көркем сөйлеу — қажеттілік, себебі барлық құндылық ана тілі арқылы дариды. Ол үшін мектеп жасынан кітап оқуға деген ынтамыз, ерік-жігеріміз қалыптасуы керек. Олай болса, барша жас достарымды ана тіліндегі көркем шығармаларды оқуға, тіл тазалығын сақтап сөйлеуге шақырамын!