Алматы облысы Іле ауданы
Қосөзен ауылы «Бөбек» бөбекжай
балабақшасының тәрбиешісі
Рыскельдиева Гульмира Орынхановна
«Асыл қазына-асық»
«Асық ату» ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Балалар арасында кең тараған ойын ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі.Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі, ұлттық ойындарының бірі. Көнеден келе жатқан ойынның бұл түрі баланы жастайынан дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа үйретеді. Жүйке жүйелерін шыңдап, жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады. Кішкентайынан асық ойнап өскен бала төзімді әрі шыдамды болады. Бала бойындағы бұл қасиет болашақта көздеген мақсатына жетуіне көп септігін тигізері анық.
Кезінде ауыл баласының бәрі асық ойнап өсті. Қазір тек шыны керек мектеп қабырғасында және балабақша қабырғасында педагогтер барынша ойнатуға тырысып жатады. Қазіргі таңда асық ойыны, жалпы ұлттық ойындарымыздың ұмыт болып бара жатқаны анық. Сол ойындарды қайта жандандырып, жаңа форматта жаңа леппен қазіргі балаларға ұсынып жүрген балабақша тәрбиешілерінің еңбегіне бас ию керек деп санаймын.
Себебі, біз-тәрбиешілер ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, соның ішінде ұлттық ойындарды жаңаша форматта балаларға оқу іс-әрекеттерінде қолданып жүрміз. Бұндай ойын түрлері балаларға қызық, әрі танымды. Алматы облысы Іле ауданы Қосөзен ауылында «Бөбек» бөбекжай балабақшасы жылдық жоспарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарға қосып, соларды іске асырып отырмыз. Асықтан жасалған ойындарды балалар қызыға ойнайды. Серуендер мен математика негіздері, дене шынықтыру, қоршаған ортамен таныстыру, музыка, көркем әдебиет, қазақ тілі сияқты іс-әрекеттерге асықты кірістіріп отыруға тырысамыз. «Ұлттық ойындар» атты балабақша қабырғасында өткен ұлттық спорт ойындарына менің тобым «Асық» ойынын көрсетті. Асықты көлемді етіп жасап, оны негізгі төрт түске бояп, сол түске сәйкес тақия тігіп, әдемі ойын көрсетті. Осы сайыста «бас жүлде» алдық.
Негізгі мақсатымыз жеңіс емес, балалардың қызығушылығын ояту, ұлттық құндылықтарымызды көрсету. Балалар қазіргі таңда асықтың жатыстарын, асықпен ойналатын ойын түрлері мен ойын ережелерін жақсы меңгерген. Балабақшамызда сонымен қатар, кітапханалар бұрышы, тоғызқұмалақ, ләңгі, киіз басу сияқты ұлттық ойындар мен іс-шаралар жиі өтеді. Балалар мен педагогтер күнделікті қазақша нақыштағы кеудешемен жүреді. Таңертеңгілік жаттығу да қара жорға биі міндетті түрде жасалады. «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» сияқты жобаларды іске асырып, «аналар театры» ұйымдастырған «Алтын сақа» ертегісін балаларға сахналап көрсетті. Әжелер мен әкелер арасында түрлі сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Осындай әдемі іс-шаралардан кейін балаларымыз санасына қазақилық, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, ұмытпау сияқты қасиеттерге ие болады деп есептейміз.
Асығын ата алмаған,
Сақасынан көреді.
Сөзін сөйлей алмаған,
Атасынан көреді- демекші, болашақ ұрпағымыз бізге ренжімейтіндей әрекет жасауымыз керек деп есептеймін. Ұлтымыздың ұлттылығын сақтау өз қолымызда!