Home » Новости » «Оқы, үйрен, ізден» – зияткерлік дамуға бағытталған тамаша бастама

«Оқы, үйрен, ізден» – зияткерлік дамуға бағытталған тамаша бастама

2025 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Наурызбай ауданы КМҚК «№184 бөбекжай-балабақшасында» ерекше форматта ұйымдастырылған «Оқы, үйрен, ізден» атты интеллектуалды ойын жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру аясында балалардың ойлау және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған инновациялық тәсілдерді қалыптастыру болды.

Аталған семинарға еліміздің мектепке дейінгі білім беру саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарымыз – Людмила Төрешқызы мен Зәуре Дөненбекқызы шақырылды. Сондай-ақ, Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Кусайнова Салтанат Амангелдиевна, МДҰ бөлімінің бас маманы Бөбекбаева Шолпан Нусипжановна, аудан мектептерінің басшылары мен педагогикалық қауымдастық өкілдері қадірлі меймандар қатарында болды. Бұл күн балалардың, тәрбиешілердің және келген қонақтардың есінде жарқын сәттерімен мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Интеллектуалды ойын төрт кезеңнен тұрды:

1-кезең – «Бәйге»: Балалардың білім деңгейі мен жылдамдығы сынға түсті.
2-кезең – «Кім жылдам»: Тапқырлық пен ой жүйріктігін көрсетуге мүмкіндік берілді.
3-кезең – «Ұшқыр ой»: Шығармашылық пен логикалық ойлау қабілеттері байқалды.
4-кезең – «Тапқыр болсаң, талас жоқ»: Қатысушылар тапқырлық пен шешендік қабілеттерін көрсетті.

Балалар өз білімдерін, тапқырлықтарын барынша көрсете отырып, ойынға аса белсенді қатысты. Әр кезең олардың қызығушылықтарын оятып, зияткерлік әлеуеттерін шыңдауға жол ашты.

Сонымен бірге «Саусақ ұшындағы әлем» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылып, сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың ұсақ моторикасын дамытуға арналған әдіс-тәсілдер көрсетілді. Бұл жұмыс балалардың танымдық және сөйлеу қабілеттерін жетілдіруге бағытталды.

Шара барысында музыкалық қойылымдар да көрермендерді тәнті етті. Балалар «Еркемай» әнін оркестр сүйемелдеуімен орындаса, «Біз мектепке барамыз» әні көңілді әуенге ұласты. Тәрбиешілерден құралған оркестр әскери әндерден попурри орындап, көрермендерге патриоттық рух сыйлады. Сонымен бірге «Көктің тудың желбірегені» атты әсерлі көрініс қойылып, балабақша ұстаздарының гимні де асқақтап шырқалды.

Іс-шара соңында өткізілген пікір алмасу кезеңінде барлық қатысушылар үлкен ризашылықтарын білдірді. Қонақтар мен тәрбиешілер, ата-аналар балабақша ұжымының шығармашылық ізденісіне, кәсіби біліктілігіне жоғары баға берді.

Наурызбай ауданындағы КМҚК «№184 бөбекжай-балабақшасының» осындай игі бастамалары балалардың жан-жақты дамуына, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына берік негіз қалайды. Бұл игілікті іс болашақта да өз жалғасын табарына сенім мол!

 

№184 бөбекжай-балабақшасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*