Алматы қаласында Наурызбай ауданында тағы бір халықаралық тағылым жобасының қорытындысы
Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы КМҚК «№172 бөбекжай-балабақшасында» бала бойына жауапкершілік, адамгершілік пен сыйластық қасиеттерін дарытып, отбасы құндылықтарын шығармашылық әрекеттер арқылы ұштастыруды мақсат еткен “Ұлағат” жобасы аясында қалалық семинар өтті. Жобаның бас ұйымдастырушысы – балабақша меңгерушісі Бияхметова Гулнара Кукентаевна. Ол жобаның мазмұнын халықаралық тәжірибелермен байытып, Қытай мен Малайзия елдерінің үздік педагогикалық тағылымдарын зерттеп, ұжымымен бірге осы жобаны ерекше ықыласпен жүзеге асырды.
Гулнара Кукентаевна шетелдік тәжірибелердегі шығармашылық орталықтар жұмысын зерделей отырып, балабақша ішіндегі тәрбиелік бағыттарды заманауи талаптарға сай жаңғыртты. Нәтижесінде әр орталық өзіндік мазмұнымен дараланып, балалар мен ата-аналарды ерекше әсерге бөледі.
Семинардың шымылдығы Гулнара Кукентаевнаның жүрекжарды сөзімен ашылды. Ол жобаның тәрбиелік мәні мен бала дамуына қосар үлесін ерекше атап өтіп, қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.
Семинарға Алматы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық басшысы Карасёва Наталья Викторовна және Наурызбай ауданы Білім бөлімінің басшысы Кусайнова Салтанат Амангелдиевна, Наурызбай ауданы мектепке дейінгі бөлімінің маманы Булекбаева Шолпан Нусіпжановна, сондай-ақ қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен тәжірибелі педагогтер қатысты. Қатысушылар Қытай мен Малайзиядан алынған тағылымдар мен жобаның жаңа тәсілдерін көріп, тәжірибе алмасты.
Шара барысында әрбір шығармашылық орталық ерекше мазмұнмен ұйымдастырылды:
“Қызықты-театр әлемі” орталығы – “Түркістан” тобының тәрбиешілері Н.Амирова мен К.Калимбетова ата-аналармен бірге театрландырылған қойылымдар ұсынып, балалардың актерлік шеберлігін шыңдады.
“Әшекей бұйымдардың сыры” орталығы – “Ақтау” тобының тәрбиешілері С.Керимкулова, Н.Каинбаева, Т.Шорманова мен әжелер ұлттық нақыштағы бұйымдардың тарихын ашып, оның мәнін түсіндірді.
“Белдік жасауды білесің бе?” орталығы – “Атырау” тобының тәрбиешілері Г.Жунисова, Қ.Кеңесбекқызы әкелермен бірге ұлттық белдік жасауды үйретіп, ер балаларды еңбекке баулуға мән берді.
“Ағзаға пайдалы өнім” орталығы – “Тараз” тобының тәрбиешілері Н.Жұмабекова мен Л.Жумабекова аналармен бірге табиғи өнімдердің бала денсаулығына пайдасын түсіндіріп, экологиялық тұрғыдан пайдалы тағамдарды таныстырды.
“Жұмыртқа қабығы жұмсақ па, қатты ма?” орталығы – “Қостанай” тобының тәрбиешілері А.Ражанова мен Н.Күмісбекова балалармен бірге ғылыми тәжірибе жасап, олардың ғылыми ойлау қабілеттерін арттырды.
“Ою-өрнектер сыры” орталығы – “Алматы” тобының тәрбиешілері Ж.Тулегенова мен М.Идрисова ұлттық ою-өрнектердің шығу тарихын шығармашылықпен түсіндіріп, балалардың көркемдік талғамын дамытты.
Семинар аясында педагогтерге арналған “Өру” тақырыбындағы тренинг өтті. Психолог Тохтабулатова Нуржамал Чимырбаевна ұйымдастырған бұл тренинг ұстаздарға шығармашылық серпін беріп, жаңа идеяларға жетеледі.
Семинар соңында қатысушылар кері байланыс жасап, өз пікірлерін ортаға салды. Барлығы “Ұлағат” жобасы балалар мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайтып, олардың бойына отбасыға деген құрмет пен ұлттық құндылықтарды сіңіре білді деген жоғары баға берді. Балабақша ауласына кіргеннен бастап ерекше жылулық пен мейірімге толы атмосфера сезілді. Ұжымның үйлесімді еңбегі мен тәрбиеленушілердің белсенділігі көрермендердің көңілінен шықты.
“Ұлағат” жобасы – Бияхметова Гулнара Кукентаевнаның халықаралық тәжірибе мен ұлттық дәстүрді шебер үйлестіре отырып жасаған жобасы. Қытай мен Малайзия елдерінен алынған тағылымдардың нәтижесі жобаның мазмұнын байытып, семинардың ерекше әрі мазмұнды өтуіне ықпал етті. Бұл шара – болашақ ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлт болашағына үлес қосқан ұлағатты ұстаздардың еңбегінің айғағы болды.
Ақерке Амангелдіқызы
BILIM AINASY
Алматы қаласы