Жаңа мектеп – жарқын болашақтың бастауы
Алматы қаласы Түрксіб ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында «№228 жалпы білім беретін мектеп» жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашты.
1 қыркүйек – Білім күні жаңа мектептің ашылуы оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар үшін айтулы мерекеге айналды. Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім ошағы өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арналған және әр баланың өз қабілетін дамытуға және арманына қадам басуға барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген.
№228 мектеп 2000 оқушыға арналған, мектеп бір ауысымда жұмыс істейді. Бұл білімалушылар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына оқушылар мен ұстаздар, ата-аналармен қатар, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Б.М. Шаханов және мәслихат депутаты Е.В. Тё қатысты. Қонақтар білім ордасының ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жас ұрпаққа сәттілік пен толағай табыстар тіледі.
№228 мектептің ашылуы – «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында елімізде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі./


Ұлттық жобаның басты ерекшелігі – оқушыларға жай ғана жаңа ғимарат ұсыну емес, заманауи, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Жаңа форматтағы мектептерде оқу кабинеттерімен қатар, зертханалар, спорттық және шығармашылық кеңістіктер, қосымша білім алуға арналған орындар қарастырылып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріледі.
Мұндай білім ордалары оқушылардың тек академиялық білімін жетілдіруге емес, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, спортпен шұғылдануына, жаңа дағдыларды меңгеруіне және өз қызығушылығына сай бағыт таңдауына жол ашады.

Жаңа мектептің тағы бір маңызды артықшылығы – оқушыға бағдарланған білім беру ортасы. Заманауи инфрақұрылым, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қолжетімді орта балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Білім күні есігін ашқан №228 мектеп – Түрксіб ауданының ғана емес, Алматы қаласының білім беру саласындағы маңызды жаңа нысандарының бірі. Бүгін мұнда білім алатын білімалушылар үшін жаңа мектеп – үлкен мүмкіндіктер мекені.

Өйткені жаңа мектеп – жаңа ғимарат қана емес. Ол – жаңа идеялардың, жаңа білімнің, жаңа жетістіктердің бастауы. Ал бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел болашағы.
Жаңа мектептің шаңырағы биік, білім жолы нұрлы, болашағы жарқын болсын!
Токберишова Самал Алтайбековна,
№228 ЖББ мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
