Главное сегодня

Әке — отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің тәрбиелеушісі

Ата — анамен квест-ойын:
«Әке — отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің тәрбиелеушісі»

Алматы қаласы, Жетісу ауданы, КМҚК №169 бөбекжай-балабақшасында «Ата — анамен квест-ойын:
«Әке — отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің тәрбиелеушісі» тақырыбында қалалық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – бала мен әке арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін дәріптеу болды.

Семинар басталмас бұрын-ақ балабақша ауласында ерекше мерекелік көңіл күй сезілді. Қонақтарды тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер жылы қарсы алып, балалардың өз қолымен жасаған шығармашылық бұйымдарынан көрме ұсынылды. Көрме келген қонақтардың қызығушылығын арттырып, бүлдіршіндердің өнерге деген ынтасын көрсетті.
   

Іс-шараны балабақша меңгерушісі Алиева Багила Куралбаевна алғы сөзімен ашып, келген қонақтарға ізгі тілегін білдірді. Кейін Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, семинар салтанатты түрде басталды.

Семинарға Қайсар тобы, Сұңқар тобы, Жасқыран тобы және Тұлпар тобы қатысты. Алғашқы кезеңде әр топ өзін таныстырып, ұрандарын айтып, ерекше белсенділік көрсетті.

Келесі бөлімде жасанды интеллект арқылы түрлі тапсырмалар ұсынылды. Бірінші тапсырмада тәрбиеленушілер өз әкелері туралы жылы лебіздерін айтып, олардың бойындағы жақсы қасиеттерді сипаттады. Ал әкелер берілген тақырыптар бойынша сурет салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Екінші кезең «Кім жылдам?» ойыны болды. Қарсылас екі топтың қатысушылары үстелге қойылған түрлі түсті стакандардың орналасуын 15 секунд ішінде есте сақтап, кейін дәл сол ретпен және түстерімен шатастырмай орналастыруы қажет болды. Бұл тапсырма қатысушылардың есте сақтау қабілеті мен шапшаңдығын сынады.
    

«Шебер әке» атты келесі кезеңде әкелер
үйден дайындап келген жұмыстарын таныстырды. Жасқыран тобы ұшақ макетін жасап келсе, Қайсар тобы Панфилов паркінің суреті мен 9 мамырға арналған эмблеманы ұсынды. Сұңқар тобы 9 мамырға арнап статуетка жасады. Ал Тұлпар тобы алау отын жасап, көрермендердің ықыласына бөленді.

Ары қарай семинар эстафеталық ойындарға ұласты. Қатысушылар түрлі кедергілерден жүгіріп өтіп, допты себетке дәл түсіріп, нысанаға тигізу, шеңберден секіру және арқан тарту сынды ойындарға белсене қатысты. Әр кезең қызықты әрі тартысты өтті. Барлық қатысушылар марапатталып, өздеріне лайықты орындарға ие болды.

Іс-шара соңында тәрбиеленушілер әсерлі флешмоб биін билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар оркестр өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Семинардың 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында өтуіне байланысты тәрбиешілер жеңіс әндерін орындап, мерекелік рух сыйлады.

Семинар соңында балабақша әдіскері Жайықбаева Гүлім Нұрабайқызы пікір алмасу ұйымдастырып, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Көпшілік бұл семинардан мол тәжірибе мен рухани әсер алғандарын жеткізді.
   

Осындай ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты нығайтып, отбасы құндылықтарын дәріптеген тағылымды семинар мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Балабақша меңгерушісі Алиева Багила Куралбаевна мен әдіскер Жайықбаева Гүлім Нұрабайқызы, дене тәрбие нұсқаушысы Свыткулова Гаухар Талабаевна семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, ұжымды бір арнаға тоғыстыра білді.

Осындай тәрбиелік мәні зор, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін КМҚК №169 бөбекжай-балабақшасының ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Әрбір қызметкердің еңбегі еленіп, балалардың жан-жақты дамуына қосқан үлесі зор екенін ерекше атап өтеміз. Ұжымға шығармашылық табыс, береке-бірлік және толағай жетістіктер тілейміз!

Алматы қаласы
Білім Айнасы
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *