Тіл – достықтың көпірі
Тіл – ұлттың рухани тірегі, халықты жақындастыратын алтын көпір. Осы құндылықты дәріптеу мақсатында 7–11 қыркүйек аралығында мектебімізде «Тіл – достықтың көпірі» атты тілдер апталығы мазмұнды әрі қызықты өтті.
Апталықтың басты мақсаты – оқушылардың тіл үйренуге қызығушылығын арттыру, мемлекеттік тілге құрмет қалыптастыру, көптілділікті насихаттау және шығармашылық, коммуникативтік қабілеттерін дамыту.
Апталықтың ашылу салтанаты мектеп фойесінде ұйымдастырылып, оқушылардың қатысуымен флешмоб пен «Hello Challenge» челленджі өткізілді. Түрлі тілде амандасқан оқушылар көптілділіктің достық пен бірлікті нығайтатын маңызды құндылық екенін көрсетті.
Апта барысында оқушылардың білімін шыңдап, тілдік қабілеттерін дамытуға бағытталған «Үш тұғырлы тіл», «Полиглот», «Spelling Bee», «Тапқыр болсаң, тауып көр!», «Тіл білгірі» сияқты сайыстар өткізілді. Сонымен қатар «Мақал – сөздің мәйегі» челленджі, «Guess the Song!» және «Speak English!» ойындары ұйымдастырылып, оқушылар белсенділік танытты. Әрбір тапсырма оқушыларды ізденуге, жылдам ойлауға, өз ойын еркін жеткізуге және топпен жұмыс жасауға жетеледі.
Іс-шараларға қатысқан оқушылар білімін ғана емес, шығармашылық белсенділігін де таныта білді. Сайыстар барысында үш тілдегі сөздік қорын толықтырып, мақал-мәтелдерді қолданды, жаңа сөздерді есте сақтаудың жолдарын меңгерді. Мұндай жұмыстар оқушылардың пәнге қызығушылығын күшейтіп, тілдік орта қалыптастыруға ықпал етті. Апталықтағы ойын мен сайыс оқушы үшін пайдалы тәжірибеге айналды.
Мектеп фойесінде «Тілдер ағашы» акциясы өтіп, оқушылар жаңа үйренген сөздерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазып, ортақ ағашты безендірді. «Тіл – халық қазынасы» тақырыбында қабырға газеттері, постерлер мен шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылып, оқушылардың ізденісі мен өнері көпшілік назарына ұсынылды.
Апталықтың қорытынды бөлімінде белсенді оқушылар мен жеңімпаздар марапатталып, «Тіліміз әртүрлі – тілегіміз бір!» атты ортақ флешмобпен аяқталды.
Тілдер апталығы өз мақсатына жетіп, оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырған тағылымды шара болды. Апта бойындағы әрбір іс-шара ана тілін құрметтеуге, өзге тілдерді үйренуге, түрлі мәдениеттерге сыйластықпен қарауға тәрбиеледі. Бұл бастама тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, адамдарды біріктіретін, достықты нығайтатын құндылық екенін айқын көрсетті. Тілге құрмет – елге құрмет. Көп тіл білу – заман талабы, ал тіл арқылы достық пен бірлікке жол ашылады.
Тельгазиева Қарлығаш
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№200 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнәнің мұғалімі,
