Алматы қаласы білім басқармасына қарасты №177 бөбекжай-балабақшасында семинар өтті. Семинар шымылдығын аталмыш балабақша меңгерушісі Дүйсенбаева Зухра Жылкыбаевна сөз сөйлеп семинарды ашық деп жариялады. Жиналған көпшілік балалардың сахналаған ғажайып ертегісінің куәсі болды. Бірі – бақа, бірі – қоян, енді бірі – түлкі мен аю бейнесін сомдаған бүлдіршіндер көрерменді ертегінің ғажайып әлеміне жетеледі. Балалардың әр кейіпкерді шынайы бейнелеуге тырысып, өз рөлін бар ықыласымен орындауы олардың сахна мәдениеті мен шығармашылық қабілетінің қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Бір қарағанда қарапайым ғана «Үйшік» ертегісі болғанымен, оның астарында достық, бірлік, татулық секілді адамгершілік құндылықтар жатыр.
https://youtube.com/shorts/5kQfxv05ZfY?si=gpwjy4FAI5xX0B0X
Осындай балалықтың бал дәуренін айшықтаған көріністен кейін кәсіби ізденіске ұласқан тағылымды семинар жалғасын тапты.
Бір айта кетерлігі, бала күлкісі мен ертегі әлемінің әсем бояуы үйлесім тапқан КМҚК №177 бөбекжай-балабақшасына табан тіреген сәтте-ақ ерекше әсерге бөленесің. Балабақшаның әр бұрышы бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіретіндей көркем безендіріліп, мұнда келген жанды ертегілер әлеміне жетелегендей әсер қалдырады. Алайда семинар күні әсем ғимараттың қабырғасында балалықтың ғана емес, кәсіби ізденіс пен іскерлік ойдың да үні естілді.
2026 жылғы 10 қыркүйекте аталған мекемеде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың моделін іске асыруда мектепке дейінгі білім берудегі басқару және менеджмент» тақырыбында жас басшыларға арналған интеллектуалдық викторина форматындағы қалалық семинар өтті.

Мектепке дейінгі білім беру саласы – баланың тұлға болып қалыптасуының алғашқы әрі аса маңызды баспалдағы. Сондықтан бұл саладағы әрбір өзгеріс пен жаңашылдықтың сапалы жүзеге асуы ең алдымен оны ұйымдастыратын, бағыттайтын және басқаратын мамандардың кәсіби білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда семинардың көтерген тақырыбы бүгінгі күні өте өзекті.
Тағылымды басқосуға Білім басқармасының мамандары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Жиынның басты мақсаты – жас басшылардың мектепке дейінгі ұйымды тиімді басқару саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру, стратегиялық ойлау қабілетін жетілдіру және заманауи талаптарға сай басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын дамыту.

Семинардың мазмұны да осы мақсатқа сай құрылды. Қатысушылар тек теориялық ақпаратпен шектелмей, практикалық тапсырмалар орындап, топтық жұмыстарға қатысып, пікірталас жүргізді. Нақты кәсіби жағдаяттарды талдауға арналған кейс-тапсырмалар арқылы түрлі мәселелердің шешу жолдарын саралады. Мұндай формат мамандардың білімін толықтырып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.
Жиын барысында заманауи әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып, қатысушылардың шығармашылық және зияткерлік белсенділігіне ерекше мән берілді. Әсіресе Kahoot цифрлық платформасы арқылы ұйымдастырылған интерактивті тапсырмалар семинардың шырайын аша түсті. Цифрлық технологияны тиімді пайдалану арқылы қатысушылардың білім деңгейі сараланып, жылдам ойлау мен нақты шешім қабылдау қабілеттері сыналды.
Интеллектуалдық викторина семинардың ең қызықты әрі мазмұнды кезеңдерінің біріне айналды. Командалар білімдерін ортаға салып қана қоймай, ұйымшылдық, тапқырлық, көшбасшылық және командалық жұмыс қабілеттерін көрсетті. Бұл ретте басқару ісінің басты қағидаларының бірі – жеке қабілеттен гөрі ортақ мақсат жолындағы бірлескен еңбектің маңыздылығы тағы бір мәрте айқындалды.

Сайыстың әділ өтуіне қазылар алқасы да өз бағасын берді. Қалалық ресурстық орталықтан келген Жанар Ануарбековна, әдістемелік бірлестік төрайымы №183 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ғалия Аскаровна №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қымбат Алимбаевна, № 150 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Салтанат Нұғмановна командалардың жауаптарын саралап, білімдері мен белсенділіктерін бағалады.
Бұл күнгі кәсіби басқосу ересектердің зияткерлік сайысымен ғана шектелген жоқ. Балабақша бүлдіршіндері де өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Балалар хоры «Тәуелсіздік – Ел ұраны» әнін шырқап, «Үйшік» ертегісін театрландырылған қойылым арқылы сахналады. Балғындардың шынайы өнері семинарға қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, мектепке дейінгі тәрбиенің түпкі мақсаты – баланың бойындағы шығармашылық қабілетті ашу екенін айқын көрсетті. Музыка пәнінің ұстазы Ақерке Жақаншаның орындауындағы әсем ән де шараның мазмұнын толықтыра түсті. Семинардың сәнін келтірген Аққу биін билеген «Балдырған» орта тобының бүлдіршіндері болды одан әрі Тоқтар Айлин Балабақша өз үйім әнін нақышына келтіре орындады.
Семинарға ата-аналар мен балалардың белсенді қатысуы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Себебі бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие тек балабақша мен педагогтің міндеті емес. Бала тәрбиесінде отбасы мен білім беру ұйымының өзара серіктестігі маңызды орын алады. Осы байланысты нығайту, ата-анамен тиімді қарым-қатынас орнату, олардың пікірін ескеру – заманауи басқару мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Шара барысында әр балабақшадан келген тәрбиешілер өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби пікір алмасты. Бір ұжымның тиімді әдісі екінші маманға жаңа идея сыйласа, тәжірибелі педагогтің ұсынысы жас маманға тың бағыт көрсетті. Осындай өзара тәжірибе алмасу мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі екені анық.
Семинар аясында ұйымдастырылған «Орман кілтбауы» шеберлік сағаты да қатысушылардың шығармашылық ізденісін арттырып №33 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айда Майбековна жаңа әдістерді тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді. №112 балабақша тәрбиешісі Гүлсінай Муратовна да өз тәжрибесін ортаға салды.
Бүгінгі мектепке дейінгі ұйым басшысы – тек әкімшілік жұмысты үйлестіруші ғана емес, ол – ұжымның көшбасшысы, педагогке бағыт беретін тәлімгер, ата-анамен байланыс орнататын серіктес және ең бастысы, баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын тұлға. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделін іске асыру кезеңінде басқару мен менеджмент мәселесінің өзектілігі арта түспек.
№177 бөбекжай-балабақшасында өткен қалалық семинар осы бағыттағы кәсіби ізденістің нақты көрінісі болды. Теория мен тәжірибені, дәстүр мен жаңашылдықты, шығармашылық пен цифрлық технологияны ұштастырған шара жас басшылардың білімі мен тәжірибесін шыңдап қана қоймай, олардың жаңа идеяларға деген талпынысын арттырды.
Өйткені бала тәрбиесінің сапасы – ең алдымен сол ортаны қалыптастыратын адамдардың кәсіби білігіне байланысты. Ал сауатты басқару, озық тәжірибе және үздіксіз ізденіс тоғысқан жерде сапалы тәрбие мен тағылымды білімнің берік негізі қаланады. №177 бөбекжай-балабақшасындағы бұл семинар да сол үлкен мақсатқа бастайтын маңызды кәсіби қадам болды.
Ертегі әлеміндей көркем ортада өткен бұл тағылымды кездесу қатысушыларға кәсіби білім ғана емес, ерекше рухани әсер де сыйлады. Бүлдіршіндердің әсем әні мен өнері, педагогтердің ізденісі, басшылардың зияткерлік бәсекесі – барлығы бір арнаға тоғысып, мектепке дейінгі білім берудің басты құндылығы адамға, балаға және оның жарқын болашағына қызмет ету екенін көрсетті. Семинарға №177 балабақша әдіскері Бекмуратова Индира Ержанқызы, Бастарова Айгүл Қайсарқызы семинардың жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысты.
№ 135 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Елгезекова Арайлым Кадирбаевна баяндама оқыса №112 балабақша меңгерушісі Жуматаева Жанара Кенесбековна блиц опрос жүргізді. Сонымен қатар Муханова Гулсынай Муратовна, Шеримкулова Айда Майбековналар өз тәжрибелерін ортаға салып тәжрибелерін жан-жақты көрсетті.
Осындай тәжірибе алаңдары көбейіп, жас басшылардың кәсіби ізденісіне жол ашыла берсе, мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа серпін қалыптасары сөзсіз. Өйткені сапалы тәрбие – білікті педагогтен, ал білікті педагогтің нәтижелі еңбегі – сауатты басқарудан басталады. №177 бөбекжай-балабақшасында өткен семинар осы ақиқатты тағы бір мәрте айқындап, тәжірибе мен ізденіс тоғысқан жерде баланың жарқын болашағына бастар жолдың берік қаланатынын аңғартты. Семинар соңында кері байланыс ұйымдастырылып, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, алған білімдері мен тәжірибелерін қорытындылады.
Жұлдыз Смаилова
BILIM AINASY
Алматы қаласы
