Жолмурзаева Эльмира Айтпековна
Алматы қаласы Наурызбай ауданы
«№206 мектеп — гимназия» КММ
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Бастауыш сынып мұғалімі,
педагог — зерттеуші
Мейірімге толы жүрек мектептің сенімді тірегі
Жаңа оқу жылы қарсаңында әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндет. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Мектепке жол» республикалық акциясы әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетіп, олардың мектепке толыққанды қатысуына мүмкіндік берді.
Акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қолдау көрсетуге бағытталды. 2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізілген шара аясында балаларға мектеп формасы, оқу құралдары және қаржылай көмек берілді.
Алматы қаласындағы №206 мектеп-гимназиясында «Мектепке жол» акциясы кең көлемде жүзеге асырылды. «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 101 оқушыға 60 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Қайырымдылық бастамасына мектеп ұжымы, ата-аналар, жергілікті кәсіпкерлер мен серіктес ұйымдар белсене атсалысты. «Бразан» бутигі төрт оқушыға сертификат ұсынып, әрқайсысын мектеп костюмімен және жейдемен қамтамасыз етті. Бұл көмекке Алтынкан Алдияр, Жанабай Ислам, Нурланов Даниал және Ғадылжан Санжар ие болды.
SAAD компаниясының қолдауымен бір оқушыға рюкзак пен кеңсе тауарлары табысталды. Ал Наурызбай ауданы әкімдігінің көмегімен алты қыз бала мектеп формасымен қамтылды. Halyk Bank тарапынан тоғыз оқушыға рюкзактар мен қажетті кеңсе тауарлары берілді.
Мектеп ұжымы да игі іске өз үлесін қосты. Үш оқушыға жалпы сомасы 110 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 12 оқушы кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Төрт балаға сырт киім беріліп, бастауыш сынып оқушыларына арналған 10 рюкзак ата-аналарына тапсырылды.
«Мектепке жол» акциясы – тек материалдық көмек қана емес, балаға деген жанашырлық пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Осындай ізгі бастамалар мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтып, әр оқушының жаңа оқу жылын қуанышпен әрі сеніммен бастауына жол ашады.
