Кенжегалиева Назгүл Мишаловна
Ақтөбе қаласы
№2 Балалар музыка мектебінің
домбыра пәні мұғалімі
Күй үйренген шәкірт – тарихын таныған ұрпақ

Домбыраны алғаш қолына алған баланың бойынан қуанышпен қатар қобалжу да байқалады. Аспапты қалай ұстау керек, пернені қалай басады, алғашқы дыбысты қалай шығарады – мұның бәрі оған беймәлім әлем болып көрінеді. Алайда уақыт өте келе бала домбыраның қос ішегінен тек әуен емес, халықтың тарихы мен дүниетанымы үн қататынын сезіне бастайды.
Домбыра үйрету тек нотаны танытып, күйдің қағысын меңгертумен шектелмейді. Әр күйдің артында белгілі бір кезең, адам тағдыры, ел басынан өткен оқиға немесе халықтың қуанышы мен арманы тұрады. Шәкірт шығарманың шығу тарихын білгенде, оны жай ғана жаттап орындамайды. Күйдің мазмұнына үңіліп, әр дыбысты саналы түрде жеткізуге талпынады. Сондықтан домбыра сабағында күйді үйретумен қатар, оның тарихына тоқталуды маңызды деп санаймын.
Кейде балаға бір күйдің дүниеге келуіне себеп болған оқиғаны айтып бергеннен фкейін оның шығарманы орындау мәнері бірден өзгереді. Бұған дейін тек пернелерді дұрыс басуға көңіл бөлген шәкірт енді күйдің мінезін сезінуге тырысады. Бір тұсында жігерді, енді бір тұсында сағынышты немесе толғанысты жеткізгісі келеді. Осындай сәтте музыкалық шығарма баланың ішкі әлемімен байланысатындығын сеземін.

Күй – халқымыздың сөзсіз жазылған шежіресі. Онда елдің тұрмысы, табиғатпен байланысы, ерлік пен елдік, қуаныш пен өкініш қатар сақталған. Бұрынғы заманда халық басынан өткерген талай оқиға күй арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Демек, бір күйді үйренген бала бір тарихи кезеңнің тынысын сезініп, ата-бабасының ойлау жүйесіне жақындай түседі.
Домбыра сабағы баланың мінезін де тәрбиелейді. Күйді бірден меңгеріп кету мүмкін емес. Дұрыс отырыс, қол қойылымы, қағыс пен саусақ қозғалысы үнемі қайталауды қажет етеді. Кейбір тұсты бірнеше рет орындауға тура келеді. Осы үдерісте бала шыдамдылыққа, ұқыптылыққа және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйренеді. Кішкентай ғана ілгерілеудің өзі оған өз еңбегінің нәтижесін сезіндіретіні анық.
Әр шәкірттің домбыраны қабылдауы әртүрлі. Бір бала әуенді есту арқылы тез меңгерсе, екіншісіне шығарманы бірнеше бөлікке бөліп көрсету қажет. Кейбір шәкірт сахнаға шығуға бірден дайын болады, ал енді бірі көпшілік алдында ойнауға қысылуы мүмкін. Мұғалімнің міндеті – балаларды бір-бірімен салыстыру емес, әрқайсысының мүмкіндігін байқап, өзіне деген сенімін ояту. Бала алғашқы күйін толық орындап шыққанда, оның жүзінен қуаныш пен мақтаныштың қатар көрінуі – ұстаз еңбегінің ең бағалы нәтижелерінің бірі деп білемін.
Бүгінгі балалар ақпаратты жылдам қабылдайды. Олар күйдің әртүрлі орындалуын тыңдап, бейнежазбаларды көріп, қажетті материалды интернеттен таба алады. Мұндай мүмкіндіктерді сабақ барысында орынды пайдалануға болады. Дегенмен экраннан көрген орындау тірі сабақтың орнын толық алмастыра алмайды. Мұғалім шәкірттің қол қозғалысын түзетіп қана қоймай, күйдің табиғатын, орындалу ерекшелігін және сахна мәдениетін де үйретеді.
Домбыра үйренуде ата-ананың қолдауы да маңызды. Баланың үйде тұрақты дайындалуына жағдай жасап, оның шағын жетістігін бағалай білу – үлкен ынта беретіні анық. Кейде бала бір шығарманы меңгеру барысында қиналуы немесе уақытша қызығушылығын жоғалтуы мүмкін. Осындай кезде оған қысым көрсетпей, еңбегінің біртіндеп нәтижеге жеткізетінін түсіндіру – өте маңызды.
Ақтөбе қаласындағы №2 Балалар музыка мектебінде домбыра пәнінен сабақ бере жүріп, әр баланың ұлттық музыкаға өзінше жақындайтынын байқаймын. Бірі күйдің екпініне қызықса, бірі оның тарихын тыңдағанды ұнатады. Ең бастысы, шәкірт домбыраны міндетті сабақ ретінде емес, өзінің рухани әлеміне жақын аспап ретінде қабылдай бастаса, ұстаз мақсатының орындалғаны деп кәміл сенемін.
Домбыраның болашағы оны музейде сақтаумен емес, баланың қолына ұстатумен жалғасады. Күй тартқан әр бала кәсіби музыкант болмауы мүмкін. Бірақ ол домбыраның үнін танып, күйдің қадірін түсініп өссе, ұлттық мұраға бейжай қарамайды. Өйткені күй үйренген бала бір ғана шығарманы орындап қоймайды, ол өз халқының тарихымен, мінезімен және рухани жадымен табысады.
