Назарларыңызға жаңа тәуелсіз театр жобасы – «Сен және мен» драмасын ұсынамыз.
«Сен және мен» – адам жанының терең иірімдерін, уақыттың, үнсіздіктің және қабылданған шешімдердің салдарын арқау еткен психологиялық драма.
Қойылым танымал орыс драматургі Софья Прокофьеваның «Разговор без свидетеля» шығармасының желісі бойынша сахналанады. Қазақ тіліндегі сахналық нұсқасының авторы – Ә. Рахат.
Бұл спектакль – махаббат туралы ғана емес. Бұл – бір-біріне айта алмаған сөздердің, кешірілмеген өкініштердің, жоғалтқан мүмкіндіктердің және уақыт өте келе адам тағдырын өзгертетін таңдаулардың тарихы. Кейде үнсіздік – айтылған сөзден де ауыр. Ал жылдар өткен соң адамның өз-өзімен бетпе-бет қалуы ең үлкен сынаққа айналады.
«Сен және мен» – көрерменді сырттай бақылаушы емес, оқиғаның ішкі куәгеріне айналдыратын қойылым. Спектакль өмірдің, сезімнің және адами қарым-қатынастың нәзік қырларын сахна тілі арқылы жеткізіп, әр көрерменге өз өмірі туралы ойлануға мүмкіндік береді.
Бұл жоба – тәуелсіз театр кеңістігін дамытуға бағытталған жаңа шығармашылық бастама. Қойылым заманауи театрдың көркемдік ізденістерін ұлттық сахна мәдениетімен ұштастыра отырып, көрерменге мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары туынды ұсынуды мақсат етеді.
«Сен және мен» (драма)
АННОТАЦИЯ: Түн. Пәтер. Бір кезде бір-бірін шексіз сүйген екі адам.Араға он жыл салып, бұрынғы күйеуі мен әйелі қайта кездеседі. Он жыл бойы айтылмай қалған сөздер, ұмытылды-ау деген сезімдер мен көмескі тартқан естеліктер қайта оянады.
Бұл спектакль – махаббат туралы ғана емес, күтудің, кешіру мен сағынудың, уақыт емдей алмаған жараның ізі жайлы.
Автор: Софья Прокофьева – «Разговор без свидетеля»
инсценировка авторы: Ә. Рахат
қоюшы-режиссері: Фархад Молдағали
Бас продюсер: Н. Қарабалина
Басты рөлдерде: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Азамат Сатыбалды және Жұлдыз Абдукаримова.
Айта кетейік, 28 Company – он жылға жуық уақыт бойы республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды, концерттік бағдарламалар мен театр жобаларын жүзеге асырып келе жатқан шығармашылық кеңістік. Жаңа қойылым компанияның тәуелсіз театр бағытындағы кезекті ірі жобасы болмақ.
ПРЕМЬЕРА 2026 жылғы 8 және 9 тамыз
Басталуы: 19:00
Өтетін орны: Жас Сахна театрының Үлкен залы
ЖАС ШЕКТЕУІ: 16 + Ұзақтығы: 1 сағат 30 минут
«Сен және мен» – уақыт өте көмескіленбейтін сезімдер, айтылмаған сөздер мен кешірімнің құны туралы терең психологиялық сахналық туынды.
