Home » О нас » «Жәндіктер – кішкентай достарымыз»: таным мен технология тоғысқан қызықты іс-әрекет

«Жәндіктер – кішкентай достарымыз»: таным мен технология тоғысқан қызықты іс-әрекет

Турлина Ұлжалғас
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№184 бөбекжай-балабақшасы
тәрбиеші

«Жәндіктер – кішкентай достарымыз»: таным мен технология тоғысқан қызықты іс-әрекет
Мектепалды даярлық тобында балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, қоршаған орта туралы білімдерін кеңейту мақсатында «Жәндіктер – кішкентай достарымыз» тақырыбында ұйымдастырылған іс-әрекет өткізілді.
Іс-әрекеттің негізгі мақсаты – бүлдіршіндерді жәндіктер әлемімен таныстырып, олардың табиғаттағы маңызын түсіндіру, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ табиғатты қорғауға тәрбиелеу болды.
 
Сабақ шаттық шеңберінен басталып, балалар табиғат туралы жылы лебіздерін білдірді. Кейін тәрбиеленушілер жәндіктер туралы өз ойларымен бөлісіп, олардың тіршілік ету ортасы мен ерекшеліктері жөнінде пікір алмасты.
Кіріспе бөлімде ARLOOPA мобильді қосымшасының көмегімен дайындалған бейнематериал көрсетіліп, балалар жәндіктер әлеміне виртуалды саяхат жасады. Олар ара, көбелек, құмырсқа, қоңыз, құрт және шыбын туралы қызықты мәліметтермен танысып, әр жәндіктің табиғаттағы атқаратын қызметін білді. Балалар жәндіктердің өсімдіктерді тозаңдандырудағы, топырақты құнарландырудағы және табиғи тепе-теңдікті сақтаудағы рөлін түсінді.
Негізгі бөлімде тәрбиеленушілер зерттеу және тәжірибе жұмыстарын орындады. Арнайы дайындалған құтылардың ішіндегі жәндіктерді жарықтың көмегімен анықтап, кейін алты орталыққа бөлініп түрлі тапсырмалар орындады. Бір топ құм арасынан құмырсқаларды тауып санаса, екінші топ араның бейнесін түрлі түсті дәндермен безендірді. Сонымен қатар балалар Quiver қосымшасы арқылы бояған көбелектерін жандандырып, цифрлық технологияның мүмкіндіктеріне куә болды. Құрт жасау тәжірибесі мен грек жаңғағынан ханқоңыз құрастыру жұмыстары ерекше қызығушылық тудырды.

Сондай-ақ Umaigra қосымшасы негізінде әзірленген «Ойлан тап» интерактивті ойыны ұйымдастырылды. Балалар жәндіктерді ажыратып, олардың ерекшеліктерін анықтау арқылы өз білімдерін көрсетті. Әр дұрыс жауап үшін алма жинап, белсенділік танытты.
Іс-әрекет барысында сергіту сәті өткізіліп, балалар көбелекше қанат қағып, арадай гүжілдеп, құмырсқадай еңбекқорлық танытып, жәндіктердің қимылдарын бейнеледі. Бұл олардың есте сақтау қабілеттерін дамытып қана қоймай, сабаққа деген қызығушылықтарын арттырды.
Қорытынды бөлімде тәрбиеленушілер алған әсерлерімен бөлісіп, жәндіктердің табиғаттағы орны туралы ойларын айтты. Балалар жәндіктерге қамқорлық жасау, табиғатты қорғау қажеттігі жөнінде тұжырым жасап, өз білімдерін рефлексия арқылы бекітті.

Осындай заманауи технологиялар мен зерттеушілік әдістерді ұштастырған іс-әрекет балалардың танымдық белсенділігін арттырып, табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді. Табиғаттың кішкентай тұрғындары туралы қызықты мәліметтер алған бүлдіршіндер жәндіктердің адам өмірі мен қоршаған орта үшін маңызын тереңірек түсіне білді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*