Главное сегодня

Бала белсенділігі – педагог шеберлігінің айнасы

Бала белсенділігі – педагог шеберлігінің айнасы

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы КМҚК №146 бөбекжай-балабақшасында «Педагогтердің балалармен жұмыс істеу әдістері мен белсенділік түрлері» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол семинар ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрсетуге бағытталған шара педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасу алаңына айналды.
   

Семинардың басты мақсаты – балалармен жұмыс барысында қолданылатын тиімді әдістерді таныстыру, бүлдіршіндердің танымдық белсенділігін арттыру жолдарын көрсету және педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру болды. Іс-шараға аудан көлеміндегі мектепке дейінгі ұйым педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Семинар барысында қатысушылар тіркеліп, жылы шыраймен қарсы алынды. Қонақтарды педагог-логопед Смаилова Н.М. мен педагог-психолог Тоқтасын А.Ж. күтіп алып, семинардың көтеріңкі көңіл күйде өтуіне ықпал етті.

Семинардың ашылуында №146 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Карипбаева К.К алғы сөз сөйлеп, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласындағы педагогтердің еңбегіне тоқталды. Өз сөзінде бала тәрбиесіндегі ізденіс пен шығармашылықтың маңызын атап өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында балабақша әдіскері Бейсенбаева И.Л. «Педагогтердің балалармен жұмыс істеу әдістері мен белсенділік түрлері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада қазіргі таңдағы мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі инновациялық тәсілдер, баланың қызығушылығын арттыруға арналған ойын технологиялары мен белсенді оқыту әдістері кеңінен қамтылды. Әдіскер өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, педагогтің кәсіби құзыреттілігі мен балаға деген жанашырлығы тәрбие сапасының негізгі көрсеткіші екенін ерекше атап өтті.

Семинардың тәжірибелік бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мектепалды «Еркемай» тобының тәрбиеленушілері мен тәрбиешісі Шайнусипова Р.К. ұйымдастырған «Сиқырлы алақандар» атты іс-әрекет балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталды. Бүлдіршіндер түрлі тапсырмалар орындап, өз қиялдарын еркін жеткізе білді. Балалардың белсенділігі мен қызығушылығы педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті.

Ал мектепалды «Күншуақ» тобының тәрбиешісі Айдапкелова С.К. өткізген «STEAM-театр: Бауырсақтың ғылыми зертханаға саяхаты» атты ұйымдастырылған іс-әрекет семинардың ерекше бөліктерінің біріне айналды. Қойылым барысында балалар ертегі кейіпкерлері арқылы ғылым әлеміне саяхат жасап, тәжірибелер мен зерттеулерге қатысты тапсырмалар орындады. STEAM бағыты бойынша ұйымдастырылған жұмыс балалардың логикалық ойлауын, зерттеушілік қабілетін және шығармашылық белсенділігін дамытуға зор мүмкіндік берді.

Сонымен қатар өнерге баулуға бағытталған бөлімдер де көрермен көңілінен шықты. Балалар хор айтып, ән шырқап, оркестрлік қойылым көрсетті. «Күншуақ», «Жұлдыз» және «Сұңқар» топтарының тәрбиеленушілері өнерлерін ортаға салып, өздерінің музыкалық қабілеттерін паш етті. Балалардың сахнадағы еркіндігі мен өнерге деген қызығушылығы қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Семинар соңында педагог-психолог Тоқтасын А.Ж. қатысушылармен тренинг өткізіп, ұжымдық қарым-қатынас пен эмоционалды қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Тренинг барысында педагогтер түрлі психологиялық жаттығулар орындап, жағымды көңіл күйге бөленді.

Қорытынды бөлімде қатысушылар өзара пікір алмасып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті. Педагогтер ұйымдастырылған іс-шаралардың мазмұнына жоғары баға беріп, тәжірибелік жұмыстардың тиімділігін ерекше атап өтті.

№146 бөбекжай-балабақшасында өткен бұл семинар педагогтердің кәсіби ізденісін арттырып қана қоймай, бала тәрбиесіндегі шығармашылық пен жаңашылдықтың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай мазмұнды шаралар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырып, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *