TopIQ – мұғалімге көмек, оқушыға мүмкіндік

TopIQ – мұғалімге көмек, оқушыға мүмкіндік

Ауылда таланттар бар, талаптылар да бар, алыптар да, һәм ел болашағы деп сенім күттіретін шәкірттердің де алғашқы бастауы – ауыл мектебі, ұстазы. Қаланың қызылды-жасылы қызықтыра қоймайтын ауылдағы шәкірттердің ой қууға әуес болатыны тағы бар. Дала мектебінің түлектері алысқа көз тастап, кең ойланады. Сосын да болар, мен бұл шәкірттердің түбі шыңға шығарына сенемін.

Бүгінгі күні ауыл мен қаланың арасындағы білім алшақтығын азайтатын ең үлкен күштің бірі – сапалы цифрлық білім ресурстары екенін әріптес ұстаздарыма жиі айтамын. Солардың бірі – TopIQ платформасы.


Менің ойымша, білімнің шекарасы жоқ. Интернеті бар жерде мүмкіндік бар. Сондықтан ауылдағы бала да, қаладағы бала да бірдей сапалы оқу материалына қол жеткізе алады. Бұл – білімдегі әділдікке, теңдікке бастар жол. Бұрын тек ірі қалалардағы қосымша ресурстарға сүйенген оқушылардың артықшылығы болса, қазір талапты ауыл баласы да сол мүмкіндікті пайдаланып, қатарынан кем түспейді.

Жаңа бағдарламалар, онлайн оқу қосымшалары бәсекеге түскен дәуірде TopIQ-дің топ жаратындай құндылығы – оқулықты жай ғана цифрландыруында емес, баланы ойландыруында. Тапсырмалары ізденуге жетелейді, білімді жаттатпай, түсінуге үйретеді. Мұғалімге уақыт үнемдеп, сабақты түрлендіруге мүмкіндік береді. Ал оқушы өз қарқынымен білімін толықтырып, әлсіз тұсын бекіте алады. Жаңақала ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Данияр Дидарұлы оқушыларына TopIQ платформасын насихаттап жүрген ұстаздардың бірі.

– Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде сабақтың мазмұнын байытып, оқушылардың белсенділігін арттыратын тиімді құралдарды үнемі іздеп жүремін. Соңғы уақытта осы бағытта жұмысымды жеңілдеткен платформалардың бірі – TopIQ. Платформаны пайдалана бастағаннан бері сабаққа дайындалу үдерісі жүйелене түсті. Әсіресе, оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды іріктеу, оларды оқушылардың жас ерекшелігі мен білім деңгейіне бейімдеу әлдеқайда ыңғайлы болды. Бұл мұғалімнің уақытын үнемдеп қана қоймай, сабақты сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілі сабақтарында жаңа тақырыпты бекіту кезінде платформадағы интерактивті тапсырмаларды қолданамын. Мысалы, сөйлем мүшелері немесе сөз таптары тақырыбын өткеннен кейін оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы өз білімдерін бірден тексереді. Нәтижені сол сәтте көру оқушыларға қателерін талдап, қайта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осындай жедел кері байланыс оқу үдерісінің тиімділігін арттырады. Тағы бір маңызды ерекшелігі – оқушылардың қызығушылығының артуы. Дәстүрлі тапсырмалармен салыстырғанда цифрлық форматтағы жұмыстарды олар ықыласпен орындайды. Сабаққа белсенділігі төмен оқушылардың өзі тапсырманы орындауға талпынып, өз нәтижесін жақсартуға ұмтылады. Бұл білім алуға деген ішкі ынтаның қалыптасуына оң әсер етеді деп ойлаймын, – дейді Данияр Дидарұлы.

Білімнің мекені болмайды, мүмкіндік қана болуы керек. Сол мүмкіндік ауылдағы әр балаға да жетсе деген ақжарма үмітімізді осы платформа ақтағандай. Өйткені ертең елдің тізгінін ұстайтын ұрпақтың арасында бүгін ауыл мектебінде білім алып отырған қаншама дарын бар. Олардың қанатын кеңге жаюына жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Білімнің бағы жанған жерде ғана елдің бағы жанады. Ал сол білімге бастар жол барша балаға бірдей ашық болғанда, ауылдан шыққан шәкірттің де асуы биік, алар белесі алыс болары сөзсіз…

 

Тлеубаева Ботагоз Елемесовна,
Жаңақала ауданының білім беру бөлімінің
әдістемелік кабинетінің меңгерушісі,
“Leader TopIQ — 2026” байқауы
 “Үркер” номинациясы бойынша қатысушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *