«Бір шаңырақ астындағы этноқалашық» — бірлік пен мәдениетті тоғыстырған тағылымды кеш
30 сәуір күні Алматы қаласындағы №87 бөбекжай-балабақшасы қабырғасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астындағы этноқалашық» атты аудандық семинар жоғары деңгейде өтті. Ұлттар достығы мен мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған тағылымды шара көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Семинардың басты мақсаты — жас ұрпақтың бойына татулық, сыйластық, достық пен адамгершілік құндылықтарын сіңіру, сондай-ақ түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүріне құрмет сезімін қалыптастыру.
Іс-шараға Бостандық аудандық мобильді топ мүшелері, Білім айнасы республикалық БАҚ өкілі Гүлдана Исаева, аудандық әдістемелік кеңес мүшелері, педагогтер мен ата-аналар қатысты.

Балабақшаға келген қонақтарды ұлттық нақышта безендірілген көрме мен мерекелік атмосфера қарсы алды. Әр бұрыштан қазақи болмыс пен түрлі этностар мәдениетінің үйлесімі көрініс тауып, кештің мазмұнын айқындай түсті. Ұлттық киім киген бүлдіршіндер мен қолөнер бұйымдары қойылған көрме қатысушылардың қызығушылығын оятты.
Шараның ашылуында балабақша меңгерушісі Асель Даулетәліқызы Архабаева сөз сөйлеп, мектепке дейінгі тәрбиедегі рухани құндылықтардың маңызына тоқталды. Ол баланың бойында мейірім, сыйластық пен бірлік қасиеттерін қалыптастыру қоғамдағы татулықтың негізі екенін атап өтті.

Семинар аясында ұйымдастырылған этноқалашық көрмесінде түрлі этностардың салт-дәстүрлері, ұлттық бұйымдары мен мәдени ерекшеліктері таныстырылды. Қолмен жасалған ою-өрнектер, сәндік композициялар мен ұлттық нақыштағы жәдігерлер көрменің мазмұнын байыта түсті. Әр топтың шығармашылық ізденісі мен безендіру ерекшелігі қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Экскурсия барысында тәрбиешілер көрменің тәрбиелік маңызы туралы айтып, балалардың шығармашылық қабілеттерін таныстырды. Кішкентай бүлдіршіндердің сахнадағы өнері, ұлттық билер мен әндері көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Педагог-психолог Юлия Александровна Певкина өткізген «Бірлікте біздің күшіміз» психологиялық алаңы қатысушылар арасында еркін қарым-қатынас орнатуға бағытталды. Тренинг барысында ұйымшылдық, өзара қолдау және сенім тақырыптары кеңінен қозғалды.

Музыкалық бөлімде орындалған «Бір шаңырақ астында» би попурриі семинардың көркін аша түсті. Түрлі халықтардың мәдениетін бейнелеген би қойылымдары көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.
Шара барысында ата-аналар да өз әсерлерімен бөлісті. Құлпынай тобы тәрбиеленушісінің ата-анасы Қыдырхан Досхан мырза ұйымдастырылған кеш туралы пікір білдіріп:

«Бүгінгі іс-шара өте әсерлі өтті. Көрмедегі ою-өрнектер мен түрлі бұйымдардың қолмен жасалғаны бірден байқалады. Әр дүниеден еңбек пен шынайы ықылас сезіледі. Балабақша мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас өте жақсы қалыптасқан. Осындай мазмұнды шаралар балалардың ұлттық құндылықтарды тереңірек тануына ықпал етеді. Бүгін жұбайымның домбырамен ән орындауы біз үшін ерекше қуанышты сәт болды», – деді.
Семинар соңында Наурызбаева Марзия Токтагазиновна ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай тағылымды шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар қонақтар балабақша ұжымының шығармашылық жұмысына жоғары бағаларын беріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан: «Біздің басты күшіміз – бірлікте. Татулық пен тұрақтылық – еліміздің ең үлкен байлығы» деген сөзі ерекше мәнге ие болды. Бұл парасатты ой кештің мазмұнымен үйлесіп, ел бірлігі мен халықтар арасындағы достықтың қашанда қоғамның ең асыл құндылығы екенін айшықтай түсті.
Тағылымы мол кездесу көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттар арасындағы сыйластық пен мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік, рухани құндылықтарға құрмет пен адамгершілік қасиеттер қалыптасатыны анық.
Алматы қаласындағы
№87 бөбекжай-балабақшасы
