Главное сегодня

Цифрлық білім беру ресурстарын математика сабақтарында тиімді пайдаланудың маңызы  


Бекен Бекболат,
Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
математика пәні мұғалімі

 Қазіргі заманда білім беру жүйесі қарқынды түрде дамып, күнен – күнге жаңарып келеді. Әсіресе математика пәнін оқытуда дәстүрлі әдістерді толықтыра түсетін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Соның ішінде цифрлық білім беру ресурстары (ЦБР) ерекше орын алады. Цифрлық ресурстарды тиімді қолдану  оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, білім сапасын жақсартуға, функционалдық сауаттылықты дамытуға зор үлес қосады.

Цифрлық білім беру ресурстары дегеніміз – электронды оқулықтар, интерактивті тапсырмалар, анимациялық модельдер, онлайн-тесттер, симуляторлар, бейнесабақтар, математикалық платформалар мен қосымшалар. Бұлар дәстүрлі оқу материалдарының электронды баламасы ғана емес, сонымен бірге оқушының өздігінен ізденуін, шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасайтын құралдар.

Математика сабақтарында ЦБР-ды тиімді қолданудың бірнеше қыры бар. Біріншіден, көрнекілік ретінде қолдану тиімді. Мысалы, күрделі геометриялық фигуралар немесе функциялардың графиктері интерактивті бағдарламалар арқылы көрнекі түрде көрсетілгенде, оқушылардың түсіну деңгейі артады. Дәлірек айтсақ, GeoGebra, Desmos секілді қосымшалар оқушыға математикалық модельді өз қолымен құруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, цифрлық ресурстар оқушылардың жеке ерекшеліктеріне, әр оқушының деңгейіне қарай тапсырма беруге жағдай жасайды. Бір оқушы базалық есептерді шығарса, екіншісі күрделірек тапсырмалар орындай алады. Бұл саралап оқытудың тиімді тәсілі болып табылады.

Үшіншіден, ЦБР математиканы оқытуда уақытты үнемдеуге көмектеседі. Мысалы, онлайн-тесттер арқылы оқушының білімін бірден тексеріп, нәтижесін көруге болады. Мұғалім оқушылардың қателіктерін дер кезінде анықтап, түзетуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар үй тапсырмасын орындауда электронды платформалар (Kundelik, Google Classroom, Moodle) арқылы мұғалім мен оқушы арасында үздіксіз байланыс орнайды.

Төртіншіден, оқушылардың қызығушылығын арттыруда да маңызды рөл атқарады. Қазіргі буын цифрлық ортада өскендіктен, олардың қызығушылығына сай әдістерді қолдану маңызды. Интерактивті ойындар, математикалық викториналар, онлайн-симуляциялар оқушыларды белсенді қатысуға жетелейді. Сонымен қатар, ЦБР-ды қолдану барысында ресурстарды сабақтың мақсаты мен мазмұнына сай таңдау, дәстүрлі әдістермен үйлестіріп пайдалану, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, мұғалімнің өзінің де ақпараттық-коммуникациялық құзыреттілігін дамыту секілді бірқатар педагогикалық шарттарды ескеру қажет.

Цифрлық ресурстарды тиімді қолданған жағдайда математика пәнін оқытудағы негізгі міндеттер – оқушының логикалық ойлауын дамыту, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, теорияны практикамен байланыстыру  табысты жүзеге асады.

Бұдан шығатын түйін, цифрлық білім беру ресурстары математика сабақтарының сапасын арттыруда қуатты құрал болып табылады. Дегенмен олардың тиімділігі мұғалімнің шеберлігіне, педагогикалық мақсатты дұрыс қоя білуіне тікелей байланысты. Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші ғана емес, цифрлық құралдарды жүйелі қолдана алатын заманауи менеджер болуы тиіс. Сонда ғана біз математика пәнін оқушылар үшін қызықты да қолжетімді ете аламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *