Алғашқы түлектердің ақ арманына қанат байлаған күн

Алғашқы түлектердің ақ арманына қанат байлаған күн

Алматы қаласы, Медеу ауданы
№220 жалпы білім беретін мектеп төрінде ерекше толқыныс пен қуанышқа толы дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл күн — мектеп тарихындағы ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды. Себебі биыл білім ордасы өзінің алғашқы бітіруші түлектерін үлкен өмірге қанаттандырды. Мектеп қабырғасында алғаш рет сыңғырлаған соңғы қоңырау үні ұстаздар мен ата-аналардың, оқушылардың жүрегіне ерекше сезім сыйлады.

Мектеп ауласы мерекелік көңіл күйге бөленіп, әсем безендірілген сахна мен ақ бантик таққан түлектердің жарқын жүздері бұл күннің маңызын айшықтай түсті. Қолдарына гүл ұстап, жүректеріне арман сыйлаған жас түлектер үшін бұл күн балалықпен қоштасып, болашаққа қадам басар тарихи белес болды.

Салтанатты шараның шымылдығы мектеп директоры Аширбекова Манат Сагинбековнаның жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде мектеп директоры білім ордасының алғашқы түлектері мектеп тарихында ерекше із қалдыратынын айтып, олардың әрқайсысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар мектептің қалыптасуына үлес қосқан ұстаздар қауымына, ата-аналарға алғыс білдірді.

«Бүгінгі күн – біздің мектебіміз үшін тарихи сәт. Алғашқы түлектеріміз үлкен өмірге жолдама алып отыр. Сендер осы мектептің алғашқы қарлығаштарысыңдар. Болашақта қай салада жүрсеңдер де, өз білімдеріңмен, адамгершілік қасиеттеріңмен ел мақтанышына айналатындарыңа сенемін» , — деді Манат Сагинбековна.

Мерекелік кеш барысында мектептің әр сала бойынша дарынды оқушылары да өз өнерлерін ортаға салды. Әсем ән шырқалып, мың бұралған бишілер би биленіп, мерекенің сәнін келтірді.
Мектеп оқушыларының талантқа бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әсіресе, мектеп бітіруші түлектердің сахнадағы әсерлі сәттері көпшіліктің жүрегін тебірентті. Олар ұстаздарына, ата-аналарына және мектеп ұжымына алғыстарын айтып, өздерінен кейінгі ізбасар інілеріне ізгі тілектерін арнады. Балалық шақтың тәтті естеліктерін еске алған түлектер үшін бұл сәт ерекше толқынысқа толы болды.
     

Сондай-ақ түлектердің қоштасу вальсі де көпшілік назарын өзіне аударды.
Ақ көйлек пен сәнді костюм киген жас түлектердің әсем вальсі мектеппен қоштасудың символына айналғандай әсер қалдырды. Әуен ырғағымен қалықтай билеген жастардың жүзінен қуанышпен қатар қимастық сезімі анық байқалды.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі — түлектердің «Ақ бантик» әнін орындауы болды. Жүрекке жететін әсерлі ән мен ақ бантик таққан түлектердің сахнадағы көрінісі ата-аналар мен ұстаздардың жанарына жас үйірді. Бұл ән мектеп қабырғасындағы балдәурен шақпен қоштасудың, ұстаздарға деген сағыныш пен алғыстың символындай қабылданды.
Алғашқы түлектердің бұл кеші мектеп тарихында алтын әріппен жазылары анық.
Себебі олар — жаңа білім ордасының тұңғыш үміті мен алғашқы мақтанышы. Мектеп қабырғасында алған білімдері мен тәрбиесін бойларына серік еткен жас түлектер енді үлкен өмір жолына қадам басты.

Бүгінгі соңғы қоңырау — тек қоштасу ғана емес, жаңа армандарға бастар жолдың бастауы. Алғашқы түлектердің әрқайсысы өз армандарына жетіп, елінің абыройын асқақтататын азамат болады деген сенім мол.

Ақ жол, жас түлектер! Армандарың асқақ, болашақтарың жарқын болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *