Суюндикова Гулим Тулеутаевна
Астана қаласы
№67 «Шұғыла» балабақшасы
тәрбиеші
Мен, Астана қаласы, №67 «Шұғыла» балабақшасының тәрбиешісі Суюндикова Гүлім Төлеутайқызы, TopIQ электрондық жұмыс дәптерін ұйымдастырылған іс-әрекет барысында үш жылға жуық уақыттан бері қолданып келемін. Осы уақыт ішінде платформаның балалардың білім алуына да, педагогтің жұмысына да үлкен пайдасын көріп жүрмін.
Қазіргі таңда білім беру үдерісінде цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Осы орайда TopIQ платформасы ұйымдастырылған іс–әрекетті қызықты әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Платформадағы интерактивті тапсырмалар, бейнематериалдар мен түрлі қосымша ресурстар балалардың қызығушылығын арттырып, материалды жеңіл қабылдауына көмектеседі.
Балалар электрондық форматтағы тапсырмаларды ерекше ынтамен орындайды. Түрлі-түсті суреттер, анимациялар мен бейнематериалдар олардың назарын аударып, белсенділігін арттырады. Нәтижесінде балалар жаңа ақпаратты тез меңгеріп, тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды.
TopIQ платформасының тағы бір артықшылығы – оқу материалдарына кез келген уақытта қол жеткізу мүмкіндігі. Егер бала жаңа тақырыпты ұйымдастырылған іс-әрекет барысында толық түсінбей қалса, ата-аналар үй жағдайында платформаға кіріп, материалды қайта қарап, баламен бірге қайталай алады. Сонымен қатар тапсырманы қате орындаған жағдайда оны қайта орындауға мүмкіндік беріледі. Бұл баланың өз қатесін түсініп, білімін бекітуіне жағдай жасайды.
Өз тәжірибемде платформаның тағы бір тиімді тұсын қолданамын. Кейбір балалар топта ұялшақ болып, сұрақтарға жауап беруге немесе ұйымдастырылған іс-әрекетке белсенді қатысуға қиналады. Осындай жағдайда мен келесі күні өтетін тақырып туралы ата-аналарға алдын-ала хабарлап отырамын. Ата-аналар баламен бірге үйде жаңа тақырыппен танысып, материалды қарап шығады. Нәтижесінде бала ертеңінде топқа келгенде тақырып туралы бастапқы түсінігі қалыптасып, өзіне сенімді болады. Ол сұрақтарға жауап беріп, қол көтеріп, белсенділік таныта бастайды. Бұл – баланың оқу үдерісіне қызығушылығын арттырып, өзіне деген сенімін қалыптастыруға көмектесетін тәжірибеде тиімді нәтиже берген шағын педагогикалық тәсілімнің бірі.
TopIQ платформасы менің кәсіби қызметімде сенімді көмекшіге айналды. Бұрын ұйымдастырылған іс-әрекетке дайындалу барысында әр тақырыпқа сәйкес көрнекіліктер іздеп, тапсырмалар құрастырып, бейнематериалдар мен презентациялар дайындауға көп уақыт жұмсайтынмын. Кейде қажетті материалдарды бірнеше дереккөзден іздеуге тура келетін. Ал қазір мектепке дейінгі білім беру мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген сапалы ресурстардың барлығы бір платформада жинақталған. Бұл маған дайындық уақытын едәуір қысқартып, негізгі назарымды балалармен тікелей жұмыс жасауға аударуға мүмкіндік береді. Уақытты үнемдеу арқылы ұйымдастырылған іс-әрекетті мазмұнды өткізуге, балалардың қызығушылығын арттыруға және олардың жеке ерекшеліктерін ескеруге көбірек көңіл бөлемін.
Сонымен қатар TopIQ платформасы тәрбиеленушілердің оқу жетістіктерін бақылауды да жеңілдетті. Платформа арқылы әр баланың тапсырмаларды орындау деңгейін, қандай тақырыптарды жақсы меңгергенін және қай бағытта қосымша қолдау қажет екенін анықтауға болады. Мұндай мүмкіндіктер балалардың біліміндегі олқылықтарды дер кезінде байқап, түзету жұмыстарын ұйымдастыруға көмектеседі. Әр тәрбиеленушінің қабілеті мен даму қарқыны әртүрлі болғандықтан, алынған мәліметтер негізінде жеке жұмыстар жүргізуге жағдай жасалады. Соның нәтижесінде балалардың білім сапасын арттыруға, олардың өзіне деген сенімін нығайтуға және оқу әрекетіне деген қызығушылығын тұрақты түрде қолдауға мүмкіндік туып отыр.
Кейбір ата-аналар балалардың гаджеттерді қолдануына алаңдаушылық танытып жатады. Менің ойымша, мәселе гаджеттің өзінде емес, оны қалай және қандай мақсатта қолдануда. Егер бала телефонды тек ойын ойнау үшін пайдаланса, оның зияны болуы мүмкін. Ал білім беру платформалары арқылы гаджет білім алудың тиімді құралына айналады. Сондықтан балаларды технологияларды дұрыс, қауіпсіз және саналы пайдалануға үйрету өте маңызды.
Қазіргі цифрлық қоғамда гаджеттер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан олардан толықтай бас тартқаннан гөрі, балаларға оларды дұрыс әрі пайдалы мақсатта қолдануды үйреткен әлдеқайда маңызды деп есептеймін. Балалар ерте жастан технологиямен танысатындықтан, олардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр. Бұл жерде ата-аналар мен педагогтердің жауапкершілігі ерекше. Баланың экран алдында өткізетін уақытын бақылап қана қоймай, оған технологияны білім алу, зерттеу, шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде пайдаланудың жолдарын көрсету қажет. Сонда ғана бала гаджетке тәуелді болмай, оны өз қажеттілігіне сай тиімді пайдалана алатын тұлға болып қалыптасады.
Өз тәжірибемде TopIQ платформасының тәрбиеленушілердің ұйымдастырылған іс-әрекетке деген қызығушылығын едәуір арттырғанын байқап келемін. Балалар интерактивті тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, бейнематериалдар мен көрнекі ресурстар арқылы жаңа ақпаратты жеңіл қабылдайды. Әсіресе бұрын белсенділігі төмендеу болған балалардың да оқу қызметіне ынтасы артып, тапсырмаларды орындауға құлшыныс танытатынын көремін. Сонымен қатар платформа балалардың танымдық қабілеттерін дамытып, өз бетінше ойлануына, ізденуіне және алған білімдерін бекітуіне мүмкіндік береді. Осындай оң нәтижелердің арқасында TopIQ платформасын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тиімді цифрлық құралдардың бірі деп санаймын. Бұл ресурс педагогтердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың сапалы білім алуына және заманауи технологияларды дұрыс бағытта пайдалану дағдыларын қалыптастыруға үлкен үлес қосып келеді.
Әріптестеріме айтар кеңесім – заманауи цифрлық ресурстарды өз тәжірибелеріңізде батыл қолданып көруден қорықпаңыздар. Бүгінгі балалар ақпараттық технологиялармен ерте жастан танысып өсіп келеді. Сондықтан олардың қызығушылығы мен қажеттіліктеріне сай білім беру құралдарын пайдалану – уақыт талабы. TopIQ платформасы сияқты цифрлық ресурстар тәрбиешінің орнын алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, ұйымдастырылған іс-әрекетті тиімді әрі тартымды өткізуге көмектеседі. Ең бастысы – платформаның мүмкіндіктерін балалардың жас ерекшеліктеріне сай дұрыс пайдаланып, оны дәстүрлі оқыту әдістерімен үйлестіре білу. Өз тәжірибемде бұл платформаның балалардың белсенділігін арттырып, білімді меңгеру сапасын жақсартуға және уақытты тиімді ұйымдастыруға ықпал еткенін көрдім. Сондықтан әр педагогке цифрлық білім беру ресурстарын үнемі зерттеп, кәсіби тәжірибесіне енгізіп отыруды ұсынамын. Заманауи технологияларды тиімді қолданған педагог қана баланың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына жаңа мүмкіндіктер аша алады.
