Смайыл Баян Бақытқызы,
Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
бастауыш сынып мұғалімі
Жазғы демалыс басталғанда көптеген ата-ананы «Баланың уақытын қалай тиімді ұйымдастыруға болады?», «Үш айлық демалыста балам немен айналысады?» деген сұрақтар толғандырады. Қазіргі таңда балалардың көп уақыты телефон мен компьютер алдында өтетіні жасырын емес, сондықтан жазғы лагерь – баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оның жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды орта.
![]()
Жазғы лагерьдің бала үшін пайдасы зор. Мұнда ол жаңа достар тауып, қарым-қатынас жасау мәдениетін меңгереді, өзіне деген сенімділігін арттырады. Түрлі ойындар мен танымдық шараларға қатысу арқылы баланың шығармашылық қабілеті, логикалық ойлауы мен көшбасшылық қасиеттері дамиды. Ал ата-аналар үшін лагерь – баласының қауіпсіз ортада демалып, пайдалы істермен айналысатын, әсерлі сәттерімен есте қалатын, сенімді, демалыс орны. Осы мақсатта ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де ұйымдастырылған «Балдәурен» жазғы лагері биыл да оқушылардың демалысын мазмұнды әрі қызықты өткізді.
Лагерь «Біз бақытты баламыз» атты концерттік бағдарламамен ашылды. Алғашқы күндерден бастап оқушыларға «Абайла, балақай!» жол жүру ережелеріне арналған танымдық шара өткізіліп, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Демалыс орнында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Олар «Бояулар әлеміне саяхат», «Су әлемі таңғажайыптары», «Көңілді Балдәурен» тақырыбындағы сурет байқауларына қатысып, өз қиялдарын қағаз бетіне түсірді. «Епті қолдар» шығармашылық жобалар аясында тұрмыстық қалдықтардан бұйымдар жасады, сонымен қатар «Досыма хат» шығармашылық жұмысы аясында достық пен сыйластық туралы ойларын еркін жеткізді.
![]()
Лагерьде білім мен танымды ұштастырған жұмыстар да жүйелі түрде өткізілді. «Оқуға құштар бала» іс-шарасы балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырса, «Білімді мыңды жығады» және «Ойна да, ойла» интеллектуалдық ойындары олардың ойлау қабілеттерін шыңдады. Мақал-мәтел және полиглот сайыстары оқушылардың сөздік қорын байытып, тілдік қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара ұйымдастырылып, оқушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға басымдық берілді. Балалар ел тарихы мен мемлекеттік нышандардың маңызы туралы білімдерін толықтырды. Салауатты өмір салтын насихаттау лагерь жұмысының маңызды бағыттарының бірі болды. «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында дәрігермен кездесу өткізіліп, балалар денсаулықты сақтау жөнінде пайдалы мәліметтер алды. Дене шынықтыру сабақтары, спорттық ойындар, эстафеталық жарыстар мен тимбилдинг шаралары балаларды белсенділікке, ұйымшылдыққа және достық қарым-қатынасқа тәрбиеледі.
![]()
Лагерь бағдарламасының ерекше бөлігін экскурсиялар мен танымдық серуендер құрады. Балалар «Балмұздақ» мұражайына саяхат жасап, сүйікті тәттілерінің тарихымен танысты, сондай-ақ, «My Kids» ойын-сауық орталығында, «TEIKABOOM» саябағында, «Dino Fest» ойын-сауық орталығында болып, қызықты демалыс сәттерін өткізді. «Sky Screen» 9D кинотеатры мен «Chaplin» кинотеатрына бару балаларға ерекше әсер сыйлады. Табиғатпен етене жақын танысу мақсатында түйеқұс фермасына және хайуанаттар бағына саяхаттар ұйымдастырылды. Бұл серуендер барысында оқушылар жануарлар әлемі туралы білімдерін толықтырып, табиғатты қорғаудың маңызын түсінді. Лагерьдегі мәдени шаралар да әсерлі өтті. «Әнші болғым келеді» ән байқауы мен шығармашылық өнер көрсету бағдарламаларында балалар өз таланттарын ортаға салып, өнерге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.
![]()
Лагерьдің жабылу салтанаты «Қош бол, Балдәурен!» концерттік бағдарламасымен қорытындыланды, балалар жүрекжарды тілектерін жазып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Қысқа уақыт ішінде «Балдәурен» лагері балалар үшін қуанышқа, достыққа және жаңа әсерлерге толы ортаға айналды. Мұнда әр бала өз қабілетін дамытып, жаңа достар тауып, ұмытылмас естеліктер жинады. Балалардың шат күлкісі мен жарқын жүздері лагерь жұмысының нәтижелі өткенінің айқын дәлелі болды. Он күн ішінде оқушылар жаңа достар тауып, өз қабілеттерін дамытып, көптеген қызықты мәліметтермен танысты. Осындай жазғы лагерьлер баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оның тұлғалық дамуына, білімін толықтыруына және өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыруына үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.
