Ғажайып мата әлемі

«Ғажайып мата әлемі» қалалық семинар-практикум.
Халықаралық тәжірибе мен шығармашылықты ұштастырған бірегей жоба.

Балалардың шығармашылығы мен қол икемділігін дамыту, қоршаған орта жайлы танымын кеңейту – мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі өзекті бағыттардың бірі. Осы тұрғыда Қытай мен Малайзия мемлекеттерінде өткен тағылымдама нәтижесінде туған «Ғажайып мата әлемі» жобасы — отандық балабақша тәжірибесіне жаңа леп әкелген тың бастама. Осы жоба аясында Алматы қаласында мектепке дейінгі ұйымдар үшін қалалық деңгейдегі семинар-практикум ұйымдастырылды. Семинар №7 бөбекжай-балабақшасының қабырғасында өтіп, оған қалалық балабақша меңгерушілері, әдіскерлер, педагогтер, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Раймова Лайла Мауленовна, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы, PhD – Еркебаева Сәуле Жомартовна, «TEACHERS LAB» ЖШС бас директоры, сертификатталған жобалау менеджері, PhD – Зейнолла Сауле Жанатовна қатысты.

Семинар шымылдығын ерекше көңіл-күймен ашқан — балабақша тәрбиеленушілері мен музыка жетекшілерінен құралған ансамбль болды. Балалар өз өнерлерін паш етіп, келген қонақтарды қазақы қонақжай дәстүрмен қарсы алды.Семинар барысында әр топта «Ғажайып мата әлемі» жобасы негізінде ұйымдастырылған іс-әрекеттер көрсетілді. Балалар матамен жұмыс істеу арқылы оның құрылымын, түр-түстерін, жұмсақтығын ажырату секілді ұғымдарды меңгеріп, өз қолдарымен шығармашылық жұмыстар жасады. Дәстүрлі емес техникаларды қолдана отырып, матамен түрлі жұмыс үлгілерін көрсетті. Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігінің арқасында әр іс-әрекет бала қиялын дамытып, ұсақ моторикасын жетілдіруге бағытталды. Балалар өз қолдарымен жасаған бұйымдар мен жоба шеңберіндегі шығармашылық жұмыстардан құралған көрме де ұйымдастырылды.

Көрмеде “Бала -педагог -ата-ана”  ҮШТІК ОДАҒЫНЫҢ бірлескен жұмыстары да ерекше көзге түсті. Көрмені тамашалаған қонақтар матадан жасалған паннолар, сәндік-қолданбалы бұйымдар мен киім үлгілеріне, жүннен жасалған қолөнер туындыларына, мата бетіне салынған суреттерге жоғары баға берді. Келген қонақтардың назарын аударған тағы бір тұсы ұжымдық жұмыс, 9 метр мата  бетіне жазылған “ҒАЖАЙЫП МАТА” сөзі болды. Бұл ұжымдық жұмысқа балабақшаның әр қызметкерінің, бүлдіршіндерінің олардың ата-анасының қолтаңбасы қалдырылған болатын.

Айта кетерлік жайт, семинар барысында ата-аналардың да белсенділігі ерекше байқалды. Атап айтқанда, Смирнова В.В  — бантик жасаудан шеберлік сағатын өткізіп, матамен жұмыс істеудің қарапайым әрі қызықты тәсілін ұсынды. Қатысушылар бұл шеберлік сағатына қызығушылықпен қатысып, өз қолдарымен бантик жасап көруге мүмкіндік алды. Семинар соңында педагогтер мен қатысушылар  “Ғажайып мата әлемі” жобасының өзектілігі мен тәжірибелік маңыздылығын атап өтіп, жобаның балабақшада қолдануға өте тиімді екенін жеткізді. Қонақтар өздері де балалардың жұмыс әдістерін қолдана отырып, шағын матамен жұмыс үлгілерін жасап көрді. Бұл кезең ерекше қызығушылық тудырып, тәжірибе алмасудың шынайы алаңына айналды. Семинар-практикум барысында ұсынылған идеялар мен тәжірибелік жұмыстар жоғары оқу орындары өкілдері мен сала сарапшылары тарапынан кәсіби тұрғыда оң бағаланып, жобаның өзектілігі мен тиімділігі атап өтілді.

Сарапшылар пікірі:

Еркебаева С.Ж., Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы, PhD:

  • “Ғажайып мата әлемі” жобасы – мектепке дейінгі білім беру саласындағы тың тәсілдердің бірі. Бұл жоба арқылы балалардың сенсорлық дамуы, шығармашылық ойлауы мен эстетикалық талғамы қалыптасатыны көрініп тұр. Семинар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Педагогтер мен балалардың жұмысын көріп, болашақ мамандарды осындай тәжірибеге баулу қажеттігіне тағы да көз жеткіздік.

Зейнолла С.Ж., «TEACHERS LAB» ЖШС бас директоры, сертификатталған жобалау менеджері, PhD:

  • Мұндай жобалар – білім беру жүйесіндегі инновациялық дамудың нақты көрсеткіші. Семинар барысында көрген іс-әрекеттер мен көрме – теория мен практиканың үйлесімділігін көрсетті. “Ғажайып мата әлемі” – баланы тек ойлауға емес, сезінуге, зерттеуге, жасағанына қуана білуге тәрбиелейтін жоба. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс.

Раймова Л.М., қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері:

  • Баланың қол еңбегі мен шығармашылығын дамыту – оның жан-жақты дамуының негізі. Бұл жобада мата тек материал ретінде емес, бала мен тәрбиеші арасындағы қарым-қатынас құралына айналған. Семинар барысында көрсетілген іс-тәжірибе кез келген балабақшаға үлгі бола алады. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды.

Камбарбекова Г.Д., балабақша меңгерушісі, жоба жетекшісі

  • “Ғажайып мата әлемі” – жай ғана мата туралы жоба емес, бұл – баланың дүниені тануының, сезінуінің, қиялын жүзеге асыруының бір жолы. Мата арқылы бала өз әлемін құра алады. Қытай мен Малайзияда өткен тағылымдама бұл жобаның негізін салуға себеп болды. Қатысушылардың оң бағасы – біздің еңбегіміздің нәтижесі.

Қорытындылай келе, «Ғажайып мата әлемі» – тек жоба емес, баланың ойы мен қиялын өрбітетін ерекше әлем. Халықаралық тәжірибеге негізделген бұл бастама – отандық мектепке дейінгі білім берудің жаңа белесі. Семинар балалардың өнерін, тәрбиешілердің шеберлігін, ата-аналардың белсенділігін біріктірген, мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор шара болды. Мұндай жобалар – болашаққа бастар сенімді жол!

Камбарбекова Гулдана Дуйсембековна
КМҚК №7 бөбекжай- балабақша меңгерушісі,

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *