Главное сегодня

Түркілердің әскери өнері: теория мен тәжірибе


Ермишова Ажар Бегайдаровна
М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия ШЖҚ МКК,
тарих пәні мұғалімі

Түркілердің әскери өнері: теория мен тәжірибе (авторлық бағдарлама)

Түркілердің әскери өнері – көшпелі халықтардың өмір сүру салты мен қорғаныс жүйесінің негізін құрайтын көне дәстүр. Түркі халықтары жауынгерлік шеберлігі мен стратегиясы арқылы тарихта ерекше із қалдырды. Бұл өнердің ерекшеліктерін зерттеу қазіргі ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруда және патриоттық рухты оятуда маңызды болып табылады. Осы мақсатта «Түркілердің әскери өнері» факультативтік курсы оқушыларға ұлттық тарихтың бірегей қырларын тереңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Түркілердің әскери дәстүрлері көшпелі өмір салтына негізделді. Олар жүйрік атқа мінуді, жеңіл сауыт киюді және садақпен дәл көздеуді шебер меңгерді. Түркілердің әскері атты әскер, жеңіл атқыштар мен ауыр сауытты жауынгерлерден құралды. Қару-жарақ ретінде садақ, жебе, семсер, қанжар, шоқпар және найза кеңінен қолданылды.

Түркі жауынгерінің киімі де оның әскери қызметіне икемделді. Жеңіл әрі мықты материалдардан тігілген сауыт-сайман жылдам қозғалуға мүмкіндік беріп, қорғанысты қамтамасыз етті. Көп жағдайда тері мен былғары қолданылып, металдан жасалған бөліктер жауынгерді жаудың соққысынан қорғады. Жауынгердің бас киімі көбінесе темірден жасалып, ол соғыс кезінде бас қорғаудың негізгі элементі болды. Сонымен қатар, киім мен сауыттар әсем ою-өрнектермен безендіріліп, соғысқа қатысушының мәртебесін көрсететін.

Қару-жарақтардың ішінде садақ пен жебе ерекше орын алды. Түркі жауынгерлері садақ тартуда үлкен шеберлікке ие болды, бұл оларды алыстан соққы жасауға мүмкіндік берді. Семсер мен қанжар жаудың қоршауынан өтуге және жақын аралықта айқасуға қажетті құралдар болса, шоқпар мен найза – ауыр соққыларға арналған қарулар болды. Қару-жарақтардың мықты әрі жеңіл болуы оларды қолдану шеберлігін арттырып, жауға қорқыныш ұялатты.

Түркілер үшін жылқы – тек көлік құралы емес, сонымен бірге әскери күштің негізгі бөлігі болған. Жылқының жылдамдығы, төзімділігі және ұрыс жағдайында тез қозғалуы соғыс барысында шешуші маңызға ие болды. Әскери жорықтар мен ұрыстарда түрік аттары жауынгерге шабуылға жылдам шығуға, тез шегінуге және жаудың назарын басқа жаққа аударуға мүмкіндік берді. Атты жауынгерлердің жеңілуі қиын болғандықтан, түркілердің атты әскері тарихта жаудың үрейін туғызған.

Түркілердің әскери тактикасы да ерекше дамыған еді. Олар соғыста «Үлкен жарық соғысы», «Ошақ соғысы», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғысы», «Көз алдау соғысы», «Моңғол диірмені соғысы», «Жұлдыз шашу» және «Жылжымалы қамал соғысы» сияқты тактикаларды жиі пайдаланды.  Бұл әдістер қазақ халқының әскери өнеріндегі қайталанбас және озық үлгілер ретінде тарихта қалды. Мысалы, «Ай қораланды соғысы» тактикасы – жауын сырттан қоршап алып, біртіндеп қыса түсу арқылы жаудың тылмен байланысын үзіп, жеке-жеке жою әдісі.  «Тұлғама» және «Тұлғамыш» тәсілдері көне түркі тілінде «қоршап алу» және «қарату» мағынасында қолданылады.  Бұл әдістер жауды қоршауға алып, қоршаудағы жауға немесе оның тылына шабуыл жасауды көздеді. Осындай тактикалар Күлтегін жазбаларында да кездеседі және көне түркілердің әскери ұйымдастыруының жоғары деңгейін көрсетеді.

Қазіргі білім жүйесінде «Түркілердің әскери өнері» факультативтік курсын енгізу оқушыларға ұлттық тарих пен мәдениетті терең түсінуге, патриоттық сезімді дамытуға мүмкіндік береді.

     Бағдарламаның мақсаты — оқушыларды түркі халықтарының әскери тарихымен таныстыра отырып, олардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын ояту, ұлттық рухты арттыру, сыни және шығармашылық тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту.

Міндеттері:

  • Түркілердің әскери жүйесін, соғыс тәсілдерін, тарихи кезеңдерін жүйелі түрде меңгерту;
  • Жеке тарихи тұлғалардың әскери ерліктері арқылы отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру;
  • STEAM тәсілдерін пайдалана отырып, практикалық және жобалық жұмыстар жүргізу;
  • Функционалдық сауаттылықты дамытатын тапсырмалар арқылы оқушыны өмірлік жағдайларда тиімді шешім қабылдауға үйрету;
  • Зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін шыңдау.

Күтілетін нәтижелер:

  • Түркілердің әскери өнері туралы жүйелі білімге ие болады;
  • Тарихи оқиғаларды салыстырып, деректерді талдай алады;
  • Жаңа технологияларды қолдана отырып, шығармашылық жобалар жасай алады;
  • Топта және жеке жұмыс жасау дағдыларын дамытады;
  • Ұлттық тарихқа қызығушылық танытып, рухани құндылықтарды бағалайды.

Курс мына тақырыптарды қамтиды:

  • Түркілердің Еуразия тарихындағы рөлі
  • Түрік жауынгерінің бейнесі
  • Батырлар мен қолбасшылар
  • Түркілердің қару-жарақ түрлері
  • Түркілердің әскери киімі мен сауыт-сайманы
  • Түркілердің атты әскері мен әскери көлік түрлері
  • Түркілердің әскери жасақтары
  • Әскери тәртіп пен өмір салты
  • Түркілердің жорықтары
  • Жорықтардың нәтижелері мен тарихи маңызы
  • Әскери тактика негіздері
  • Қорғаныс әдістері мен қорғаныс жүйелері
  • Түркілердің қорғаныс бекіністері мен олардың құрылымы
  • Түркілердің әскери одақтары
  • Шабуыл әдістері
  • Түркілердің әскери мәдениеті мен дәстүрлері
  • Түркілердің рухани сенімдері және әскери өмірге әсері
  • Батырлар туралы аңыздар
  • Әскери этика мен мінез-құлық ережелері
  • Әскери өнердің қазіргі өмірдегі маңызы
  • Заманауи әскери ойындар мен спорт жарыстары
  • Әскери рухты әндер
  • Жауынгерлердің ерліктері туралы шығармашылық тапсырмалар
  • Әскери мұражайға саяхат

Сондай-ақ, теориялық сабақтармен қатар, практикалық жұмыстар мен тарихи экскурсиялар арқылы оқушылардың қызығушылығы артады.

Қорыта айтқанда, түркілердің әскери өнері – ұлттық тарихымыздың ажырамас бөлігі болып табылады және оның зерттелуі бүгінгі патриоттық тәрбие мен тарихи сананы қалыптастыруда зор маңызға ие. Факультативтік курс арқылы оқушылар өздерінің мәдени және тарихи тамырларын танып, батырлық пен ерлік дәстүрін құрметтеуге үйренеді. Бұл курс еліміздің тарихи мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге үлес қосады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Аманжолов К., Тасболатов А. «Қазақстанның әскери тарихы»: оқу құралы. –Алматы: Білім, 2008.
  2. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәст.рлері). – Алматы: «Дәуір», 1996.
  3. Безертинов Р. «Боевое искусство тюрков» // Идель. №4, 1995.
  4. Булекбаев С.Б., Райымбекова А.А. Түркілердің әскери өнері туралы // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. Халықаралық қатынастар және аймақтану сериясы, №3 (25), 2016
  5. Булекбаев С.Б., Булекбаева Р.У. «Түркілердің әлем мәдениеті мен өркениетіндегі орны» // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. Халықаралық қатынастар және аймақтану сериясы, № 3 (17), 2014.
  6. Военная история Кзахстана / Под общей редакцией И.Н. Тасмагамбетова. –Астана, 2015.
  7. Гумилев Л.Н. «Көне түркілер». –Алматы: Білім, 1994.
  8. История Казахстана с древнейших времен до наших дней (очерк). – Алматы. 1993.
  9. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 3-том. Алматы. Атамұра. 2010.
  10. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016.
  11. Қозыбаев М.К. Ғасырлар шебіндегі Қазақстан. – Алматы, 1994.
  12. Рахманалиев Р. Түркілер империясы. Үлкен өркениеттің тарихы. – Москва, 2013.
  13. Разина Е.А. История военного искусства VI — XVI вв. – Москва, 1998.
  14. Хазанов А.М. Көшпенділер және сыртқы әлем. Алматы, 2002.
  15. wikipedia.org/wiki/Көшпелілердің_дәстүрлі_әскери_өнері
  16. https://e-history.kz/kz/news/show/1137?ysclid=mfpr0h56hx501756446 Түрік әлемі: әскери киімдер
  17. https://euroasia-scien ru/pdf-arxiv/32-36-orazbay-s-t/Көне түркілердің соғыс өнері (32-36) | Евразийский Союз Ученых — публикация научных статей в ежемесячном научном журнале

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *