Главное сегодня

Мектеп жасына дейінгі балалармен арт-технологиялар және арт-терапия жұмыстарын ұйымдастыру


Алипбаева Кумис Кайроллакызы

Суюбаева Меруерт Аскеровна
№88 «Баян-Сұлу» балабақшасы
Педагог-модератор

Мектеп жасына дейінгі балалармен арт-технологиялар және арт-терапия жұмыстарын ұйымдастыру

Қазіргі таңда білім беру саласында баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе мектепке дейінгі кезең – баланың тұлға ретінде қалыптасуының ең маңызды сатысы. Бұл кезеңде баланың сезімдік қабылдауы, эмоциясы, қиялы мен эстетикалық талғамы дамиды.  Осы орайда, арт-технологиялар мен арт-терапия әдістері балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту процесінің маңызды құралдарының бірі болып отыр.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына қол жеткізу үшін бағытталған бірден-бір әдіс – арт-терапияның әдістері. Арт-терапия – баланы дамутуға енген жетістігіміз десек та болады. Бұл жүйе бойынша мектепке дейінгі жастағы балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады және де бұл әдіс арқылы бала  үлкендердің көмегіне аздап сүйене отырып, өзіне-өзі  қызмет етуге, жаңаны игере білуге, аса маңызды шешімді өзі қабылдауға үйренеді.

Арт-технологиялардың мәні мен мазмұны – бұл өнер арқылы баланың психоэмоционалдық дамуын, креативті ойлауын, моторикасын және өзін-өзі білдіру қабілеттерін дамытатын педагогикалық әдістер жиынтығы. Бұл технологияға мыналар жатады:

  • Сурет салу (графика, акварель, саусақпен сурет салу)
  • Коллаж жасау
  • Құм терапиясы
  • Мозаика
  • Аппликация
  • Пластилинография және т.б.

Арт-технологиялардың басты мақсаты – баланың ішкі дүниесін өнер тілі арқылы көрсетуіне мүмкіндік беру, шығармашылық ойлауы мен эстетикалық сезімін дамыту. Арт-терапия ерекшеліктері – бұл шығармашылық процес арқылы баланың эмоционалдық жағдайын түзетуге және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған терапиялық әдіс. Арт-терапияның мектепке дейінгі жастағы балалар үшін тиімділігі келесі факторлармен түсіндіріледі:

  • Бала сөзбен жеткізе алмайтын эмоцияларын бейнелеу арқылы көрсетеді;
  • Бала үшін қауіпсіз, қолайлы орта қалыптасады;
  • Қиялын, елестету қабілетін дамытады;
  • Стресті, ішкі қобалжуларды азайтады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда арт-технологиялар мен арт-терапияны ұйымдастыру үшін келесі әдістемелік қадамдарды ұстануға болады:

  1. Жас ерекшеліктерін ескеру – Балалардың жасына сай материалдар мен тапсырмалар таңдалады.
  2. Шығармашылық орта құру – Балалар өздерін еркін сезінетін, шабыт алатын кеңістік ұйымдастырылады.
  3. Тақырыптық сабақтар – Әр сабақ белгілі бір тақырыпқа негізделіп, бала сол арқылы өзін еркін көрсете алады.
  4. Қосымша құралдарды қолдану – Музыка, ертегілер, табиғи материалдар, құм, су, иіс, тактильдік заттар қосымша әсер береді.
  5. Жеке және топтық жұмыс – Арт-терапия жеке де, топпен де тиімді жүргізіледі.

Арт-терапияның ең көп таралған түрі – изотерапия (сурет салу) және құм терапиясы. Балалармен тәрбие жұмысының маңызды артықшылықтарының бірі ретінде өз сезімдерін сөйлеу емес, сурет түрінде білдіру мүмкіндігі ұсынылады. Изотерапия – баланың сурет салуы арқылы өз ойын, сезімін, ішкі күйін білдіруіне мүмкіндік беретін емдік әдіс. Бұл терапияның мақсаты – шығармашылық арқылы баланың эмоционалдық жай-күйін реттеу және психологиялық жеңілдік беру. Изотерапияның балабақшадағы артықшылықтары:

  • Баланың шығармашылық қабілетін дамытады;
  • Эмоциялық шиеленісті жеңілдетеді;
  • Өзін-өзі білдіру дағдысын қалыптастырады;
  • Байланыс және қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.
  • Қолданылатын материалдар:
  • Қарындаштар, бояулар, гуашь, фломастерлер;
  • Қағаз, мольберттер, түрлі-түсті қағаздар;
  • Саз балшық, пластилин – тактильдік сезімді дамыту үшін.

Құм терапиясы – арнайы құм жәшігінде ойын арқылы бала ішкі дүниесін ашып, проблемалық жағдайлармен күресуді үйренетін психологиялық әдіс. Бұл терапияда бала өз әлемін жасап, кейіпкерлер мен оқиғаларды бейнелейді.

Құм терапиясының ерекшеліктері:

  • Бала өзін қауіпсіз сезінетін ортада ойнайды;
  • Ішкі уайым, қорқыныш, агрессияны сыртқа шығарады;
  • Шығармашылық қиялын, сөйлеу тілін, ұсақ моторикасын дамытады;
  • Эмоциялық және мінез-құлықтық қиындықтарды түзетеді.

Қажетті құралдар:

  • Құм салынған арнайы жәшік (құрғақ және дымқыл құм болуы мүмкін);
  • Түрлі миниатюралық ойыншықтар: адам мүсіндері, жануарлар, көлік, өсімдіктер т.б.

Мектепке дейінгі ұйымда арт-технологиялар мен арт-терапияны қолданудың тиімділігі мен нәтижелігі мынада,  жүйелі қолдану нәтижесінде балаларда келесі өзгерістер байқалады:

  • Эмоционалдық тұрақтылық артады;
  • Өзін-өзі бағалау деңгейі көтеріледі;
  • Әлеуметтік ортада қарым-қатынас жасау қабілеті дамиды;
  • Шығармашылық қабілеттері белсендіріледі.

«Мектеп жасына дейінгі балалармен арт-технологиялар және арт-терапия жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында үш жыл қатарынан үзбей іс-тәжірибе жүргізудің нәтижесі тәрбиеленушілердің психологиялық, педагогикалық және білім алуы мен тәрбиесінде үлкен нәтиже көрсетті. Аталмыш технологияны қолданудың тиімділігін бөлісу мақсатында әдістемелік нұсқаулық жазылды.

Арт-технологиялар мен арт-терапия әдістерін мектепке дейінгі білім беру жүйесінде қолдану балалардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл әдістер баланың ішкі жан дүниесін түсінуге, олармен терең психологиялық байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондықтан да педагогтар мен тәрбиешілер мен  психолог мамандар арт-технологиялар мен арт-терапиялық жұмыстарды тәжірибеде белсенді қолдануы қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Жанәбілова, А. С. (2019). Балалар психологиясы және арт-терапия элементтері. Түркістан: Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ баспасы.
  2. Мұқашева, Г. (2020). Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында арт-терапияны қолдану ерекшеліктері. – Алматы: Білім.
  3. Құдайбергенова, К. (2021). Арт-терапия – баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде. // Педагогика және психология журналы.
  4. Дьяченко, О.М., и Новоселова, С.Л. (2006). Развивающее обучение в детском саду. — М.: Просвещение.
  5. Лебединская, К.С., и Никольская, О.С. (2009). Арт-терапия в работе с детьми. — М.: Генезис.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *