Бейсегулова Нургазиза Авазхановна,
№26 сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы балабақша. Алматы.қ
Ұлттық ойындар арқылы балалардың ой-өрісін кеңейту
Ұлттық ойындардың шығу тарихы да атадан балаға аңыз әңгімелер арқылы жетіп, көшпенді қазақ халқының тұрмыс тіршілігінің негізінде пайда болған. Ойын кезінде бала ойынның талабына сай қиын тапсырмаларды, міндеттерді орындайды.Қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Оның ішінде музыкалық дидактикалық ойындар арқылы, ән әуендерінің мәнін ашып халқымыздың салт дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру біздің басты міндетіміз. Білім берудің ең негізгі мәселесі адамды жан жақты етіп тәрбиелеу. Тәрбие жұмыстарының мазмұны мен жүргізу әдістері барынша ойланып жасалса, ыңғайлы әрекеттерге баланың өзі де ынталы болады. Ол үшін жетекші ізденімпаз болу керек.
Бала үшін өз жетістіктерін сезіну ең үлкен қуаныш .
Баланың жүрегіне шын көңіліңмен жол тауып, оны алға жетелеп, үнемі жетістіктерге жетуіне, қуана білуіне мүмкіндік беріп отыру керек. Баланы ең алдымен өз елінің мәдениетін сыйлауға, ұлттық дәстүрін, тұрмыс салтын, әдеп ғұрпын, өнерін құрметтеуге тәрбиелеп, ана тілінде сөйлеуіне үйрету.

Тақырыптың мақсаты: балаларды ұйымшыл болуға үйрету, кей ойындар командаға бөлініп ойналады . Ойын барысында қасындағы баланың да жеңіске жетуін өзгеге деген ықыласын ниетін ояту. Бұл қасиет әр баланың бойында болуы қажет. Қазақ халқы «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Баланың ерте жастан еңбекке араласуы психологиялық ерекшеліктері ойын үстіне қалыптасады.
Мысалы, баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл әрекеттері ойын болғандықтан оның мәні ерекше.
Еңбек ету дегенге бала тәрбиесінде ойын жатады.
Педагог ғалымдар « жақсы ойын жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын жаман жұмыс сияқты деп, жақсы мен жаманның арасын айырып түйін жасады. Ойын мен жұмыстың ұқсастығы ойын үстінде балалар ойланады , эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады. Бала бейне бірде қуаныш, бірде реніш сезіміне бөленеді. Яғни, балалық шақтың түйсігі адамның көңіліне өмір бақи өшпестей із қалдырады. Оның барысында, баланың асқақ арманы күні ертең сол арман қиялды өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Бүгінгі ойын ертең іс әрекеттегі шындыққа айналады.
Ұлттық ойындар
Кең байтақ даланы қоныстанған ата бабаларымыз алуан түрлі әндер мен ойындар ойлап шығарған.
Айта кетсек : «Сақина жасыру» « Тақия жасыру « Асық ату»» «Түйілген орамал» «Үрпек төбет» « Теңге ілу» «Алтыбақан» «Арқан тару» « Орамал тастамақ» « Қыз қуу» «Соқыр теке» «Ақ серек- көк серек» « Көкпар» «Аударыспақ» т.б .
М.Жұмабаев Педагогика атты еңбегінде « Бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты – бәрі бірге жұмсалады дей отырып… ақыл, сезім, қайрат қатынасатын болғандықтан, үшеуін бірдей тең тәрбие -қылу – тәрбиенің міндеті деген ойды айтқан.
Назипа Құлжанова — Мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы ғалым, көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері «Ойнай білу дегеніміз, ойлай білуге үйрету » деп керемет айтып кеткен.
Жоғарыдағы ұлттық ойындардың ішінде « Соқыр теке» ойынын музыкалық дидактикалық ойын арқылы қызықтырып өткізуге болады.
Музыкасы. Е.Хасанғалиевтікі.
Балалар 2 шеңбер құрып тұрады.
(Ойыншылар хормен)
Соқыр теке бақ – бақ,
Біз айтамыз тақпақ.
Мықты болсаң қанеки,
Бірімізді тап – тап.
Содан кейін соқыр теке (баланың көзі байлаулы) балаларды қуалайды. Соқыр теке ұстап алған баланың көзі байланады да, ол соқыр теке болады. Ойын осылай жалғаса береді. Соқыртеке Мен текемін бақ – бақ,
Қимылдаңдар сақ – сақ.
Ал, ұстадым мінеки,
Аузыңа қақпақ.
Соқыртеке
Мен текемін бақ бақ,
Қимылдаңдар сақ сақ .
Ал ұстадым мінеки,
Қашып кетті ау, қап қап!»
Ойын, өзінің ептілігін сынаушы баланың рөлді дұрыс бөлісуі , оның жеке тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Музыкасы өте тартымды ойнақы болғандықтан балалар өте қызығып ойнайды. «Орамал тастамақ» ойынына балалар шеңбер жасап отырады. Бастаушы қолына ормалды алып балаларды айнала жүріп- Ақырын аспаймын саспаймын,
Шеңберді айнала бастаймын.
Досымның жанына келгенде,
Білдіртпей орамал тастаймын,- деп бір баланың артына орамал тастап кетеді. Артына орамалды тастағанын сезген бала (менің артымда) деп жауап береді. Ал артына тасталған орамалды сезбей қалған бала өлең айтып, би билеп береді.
Ал, «теңге ілу» ойынында екі немесе жеті бала әрқайсысы жеке-жеке атқа мінеді. Ойын басталатын жерге сызық сызылады. Одан әрі он метрдей жерге шытқа түйілген теңге тасталады.
Жеті жерге теңгені,
Шытқа түйіп тастайды.
Жеті жігіт ең кемі,
Бұл сайысты бастайды.
Шауып өтіп шүйлігіп,
Алу керек теңгені, — деп
Бастаушының белгісі бойынша ойыншық аттарымен шаба жөнеледі. Кім бірінші жетіп, теңгені іліп алса сол жеңіске жетеді. Ойын балаларды ептілікке үйретеді. Өлеңнің оқылуы ойынды балалардың қызыға жалғастыруына мүмкіндік береді.
Әр ойынның өзінің ережесі болады. Сол ережені бұзбай ойнау баланы тәртіпке дағдыландырады. «Теңге ілу» « Бәйге» «Көкпар», «Қыз қуу» ойындары – ат үстінде ойналатын ойындар болғандықтан, ойнақы, жылдам, шабыттандыратын күйлер қосу керек. Күмбірлеген күйдің сүйемелдеуімен ойынға балалар ерекше ынта қояды. «Алшы», « Асық ату», « Ханталапай», « Оңқа» – мал шаруашылығымен сабақтас асық ойындар, тек асықпен ғана ойналатын ойындар.
Қорыта келегенде, Қадір Мырза-Әлі айтқандай « Ойнамайтын бала, ойланбайтын дана жоқ.»
Бала үнемі қимыл қозғалыста болғандықтан шынығады, жетіледі, қан айналымы жақсарады, ойлау қабілеті де артады. Ойын барысында бала ізденеді, тапқырлық әрекетін байқатады.
Демек, ойын – баланы жан – жақты тәрбиелеудің психологиялық жолы. Бес саусақ бірдей емес дегендей, әр балалардың мінезі әр түрлі.
Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға болады. Ұлттық салт- дәстүрдің қай – қайсысы болса да, баланы әдептілікке, ізгілікке, адамгершілікке баулиды.
С. Торайғыров « Балалықтың қанына- ойын азық» деп бекер айтпаған. Әр ойын өлең-тақпақтармен басталса, баланың тілі дамиды, үйренгенін нығайтып, бекітеді, ой өрісі кеңейеді.
Қолданылған әдебиеттер .
1.С.Ғаббасов — Халық педагогикасының негіздері. Алматы,1995ж.
2.М.Жұмабаев – Педогогика. Алматы 1992 ж.
3, Мекетепке дейінгі білім- тәрбие әдістемесі. 2013ж.
4Б.Баймұратова, М.Сәтімбекова, Балбөбек. Алматы, 2006 ж.
5.Мұғалім.kz. Алматы, 2016 ж.
