Патриот ұрпақ – ел қорғаны
Алматы Білім басқармасына қарасты Бостандық ауданында орналасқан №83 бөбекжай-балабақшасы ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі деген үлкен мақсатты ұстанып келеді. 50 жылға жуық абыройлы қызмет етіп келе жатқан тәрбие ошағы 7-мамыр — Отан қорғаушылар күніне арнап осы мақсат негізінде мазмұнды іс-шара өткізді. Мерекеге сай безендірілген балабақша ауласында еліміздің тарихи жады мен патриоттық рухын нығайтатын көрме қойылған. Іс-шараға шақырылған қонақтар, атап айтсақ, «Келешек» ФММ, «Данашым» мектептерінің негізін қалаушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Сабурова Гүлшарбан-Жанна Қамылбайқызы, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Малгаждарова Бибігүл Төлепбергенқызы, ҰҚК полковнигі, «Ұлы дала батыры» мен бірнеше орден-медаль иегері Құдайберген Төлегенұлы, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы, мектепте дейінгі оқыту және тәрбиелеу бөлімінің басшысы Доскеева Мираш Нұргелдіқызы, подколковник, теңіз жаяу әскерінің 25744 әскери бөлімінің штаб командирі, зейнеткер Абуов Шоин Таңатарұлы мен Алматы қаласындағы бірнеше балабақшалардың меңгерушілері көрмемен бірге заманға сай жаңғырып, бейімделген балабақша тынысымен де танысып шықты. Білім, спорт өнер саласында жетістігі жетерлік балабақша әр қонақтың ықыласына бөленіп, әр баланың асығып барар ыстық мекеніне айналғанына куә болды.

Мемлекеттік гимнмен ашылған іс-шара балабақша меңгеруші, тәжірибелі басшы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рахимова Күлғайша Адылханқызының құттықтау сөзімен басталды.
- Тәуелсіз еліміз үшін бұл мереке – ұлық мерекенің бірі. Сондықтан мұндай мереке балабақшадан бастап атап өтілуі тиіс деп білемін. Патриотизмге, ұлттық сана-сезімге бала жастан негіздеу керекпіз. Бидайға толы қамба сынды біз де қоғамға ұлтжанды азамат тәрбиелейтін қамбадан кем болмауымыз керек, — деген Күлғайша Адылханқызының сөзін қонақтар да құптай кетті.
Мектепалды «Смешарики» тобының орындауындағы патриоттық қойылымды мектепалды «Балапан» тобының оркестр құрамы іліп алып кетті. «Алматы кешін» шебер орындаған сән-салтанаты келіскен өнерпаздардың талпыныстары, ұлттық сезімді оятатын өнері кеш көрігін қыздыра түсті. «Қарлығаш», «Апельсинки», «Ботақан» ересек топтары мен «Балдәурен» орта тобы балдырғандарының Отан, туған жер туралы тәтті тілінен шыққан жыр шумақтары шексіз махаббаттарын сезіндіре алды. Қазақтың қайсарлығын, өр рухын барынша жеткізуге тырысқан «Толғау» биі де ерекше сезім сыйлады. Заманауи стильмен үйлескен қазақтың ою-өрнегі өткеннен сыр шертіп, болашағына батыл қадам басқызғандай. «Аист на крыше» деп әуелеткен Дария Нұртаева құдды кәсіби әншідей баурап алды. Мектепалды «Балапан» тобы қазақ биін, лентамен биін нақышына келтіре орындап, шара шырайын нәрлендіріп жіберді.

Ақ көйлекті қыздардың ақ тілекпен үйлескен «Шаңырақ» биін шынайы орындаған өнерпаздардың әр қимылы сөйлеп тұрды. «Шаңырағың биік болсын» деген қазақтың қасиетті сөзін би өрнегімен әдемі жеткізген қойылым көрерменнің көзін жасқа толтырды, жүрегін тербеді. Тірек мектеп бойынша өнерлерін ұсынған №70 ЖББМ ұландарының қойылымы шынымен де патриоттық рухты қозғады. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастардың әр қимылы намысты жанып, мақтаныш сезімін тудырды.
Әрбір жанды бір мақсатқа үндеп, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімге, азаматтық борыш пен ұлтаралық татулыққа шақыратын мерекені балабақшада атап өтудің маңыздылығын келген қонақтар да аңғарды.
Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы:
- Мәні де, сәні де, әні де жоғары іс-шарадан ұжымдық бірлікті аңғардық. Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын көріп қуанып отырдым. Мектеп оқушылары аға буын ретінде үлгі көрсете білді. Ойы ұшқыр бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін!
Кеш соңында сөз алған қонақтар баламен бірге қуанып, баламен бірге мұңая білген ұжымның ынтымақ-бірлігіне «бәрекелді» десті. Кешті нақышына келтіре жүргізген тәрбиешілер Колесникова Бакытгуль Қанатқызы, Уәлиева Гүлзат Сәбитқызынан бастап, музыка жетекшісі Нұрғалиев Бауыржан Ахметқалиұлы мен хареограф әрі әдіскер Кадырова Нуригуль Каримқызы, тәрбиешілер Моисеева Елена Михайловна, Ашимова Шахаризада Шаздановна, Бектемисова Рахима Даргенбайқызы, Патарова Зайтунам Турсуновна, Тустикбаева Калия Нурсыдыковна, Чавенова Айнур Сериковна, Шарипова Арай Болакаевна, дене тәрбиесінің нұсқаушысы Екеева Лаззат Хасеновна, логопед Наминова Галина Сергеевна, қазақ тілі педагогы Бектемисова Рахима Даркенбайқызы сынды жандардың жанкешті еңбегін атамау мүмкін емес.

Бұл кеш — жас ұрпақ бойына отансүйгіштік рухты, патриоттық сезімді қалыптастыру бір науқандық шара не әлеуметтік акт емес, ол тәрбие арқылы жүзеге асатын жүйелі ұғым екенін дәлелдеп берген іс-шара болды. Алақандай балабақшаның Алатаудай рух сыйлаған кешінен баршасы шабыттанып тарқасты.
Алматы қаласы
«BILIM AINASY»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ
