Главное сегодня

Ұлттық құндылық ұлықталған мереке

Алматы қаласы, Әуезов ауданы №58 бөбекжай-балабақшасында көктемнің шуақты мерекесі — Ұлыстың ұлы күні Наурыз аталып өтті. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуге арналған бұл мереке балабақша ұжымы мен тәрбиеленушілер үшін ерекше әсерге толы, тағылымы мол шара болды. Ұйымдастыру деңгейі жоғары өткен кеште балалардың өнері, ата-аналардың қолдауы және педагогтердің еңбегі үйлесім тауып, шынайы ұлттық мерекенің атмосферасын қалыптастырды.
    

Мерекелік іс-шара барысында қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Балалар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, сахнада ән айтып, би билеп, қазақтың ұлттық ойындарын ойнады. Осындай көріністер арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух, елдік сана мен дәстүрге деген құрмет сіңіріліп жатқаны айқын көрінді.

Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі — қазақ халқының тәрбиелік мәні зор дәстүрлерінің бірі тұсаукесер рәсімі болды. Баланың өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген ақ ниетпен жасалатын бұл дәстүр көрермендердің жүрегіне жылулық сыйлады. Тұсаукесер рәсімін ардақты әжелер — Сарсембиева Нагира Досымбековна, Алдабергенова Гулия Жарасқанқызы және Айгүл Конырбаевна орындап, жас бүлдіршіндерге ақ баталарын берді. Әжелердің батасы мен ізгі тілектері мерекенің мазмұнын одан әрі байыта түсті. Балалардың тәй-тәй басқан алғашқы қадамына ақ жол тілейтін тұсаукесер рәсімі де мерекенің көркін аша түсті. Дәстүрге сай бүлдіршіндердің тұсауы үш түрлі затпен кесілді.

Алдымен ала жіппен тұсау кесу рәсімі орындалды. Ақ пен қараның араласуынан тұратын ала жіп — адалдықтың белгісі. Бұл — бала өмірде тура жолдан таймасын, ешкімнің ала жібін аттамасын, әрдайым әділ де адал азамат болып өссін деген ізгі тілек.

Келесі кезекте тұсау көк шөппен кесілді. Көктемнің белгісіндей жасыл шөп — өмір мен өсіп-өркендеудің нышаны. Бұл арқылы бала көктей жайқалып өссін, дені сау, ғұмыры ұзақ болсын деген ниет білдірілді.

Ал үшінші дәстүр бойынша тұсау малдың тоқ ішегімен кесілді. Қазақ танымында бұл — тоқшылық пен берекенің белгісі. Яғни бала өскенде дәулетті, ырысты, тұрмысы молшылықта болсын деген ақжарма тілек айтылды.

Осылайша ұлттық дәстүрмен өрілген тұсаукесер рәсімі балалардың жарқын болашағына арналған ақ баталармен жалғасын тапты.

Шараның мазмұнды өтуіне кеш жүргізушілері Олжабаева Шынар Азаматовна мен Коханова Мадина Рахымовнаның қосқан үлесі зор. Олар мерекені әсерлі сөздерімен әрлеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бағдарламаның бірізді әрі тартымды өтуіне ықпал етті.
    

Балалардың өнерін шыңдап, олардың шығармашылық қабілеттерін сахнада көрсетуге мүмкіндік берген музыка жетекшілері Тулеубаева Мольдир Канатовна мен Қуандықова Назерке Ғалымжанқызының еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Музыкалық сүйемелдеумен орындалған әндер мен билер мерекеге көрік беріп, балалардың сахна мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты.

Мерекенің көркемдік деңгейін арттыруда бишілер Камбаровк Айман Досановна, Сәрсембі Мөлдір Байбазарқызы, Тилеуберген Маржан және Нуржанова Индира Рысбекқызы дайындаған би қойылымдары да ерекше әсер қалдырды. Ұлттық нақыштағы билер арқылы қазақ халқының мәдениеті мен әсем өнері көрермендерге кеңінен таныстырылды. Балалардың сахнадағы еркін қимылы мен көңілді көңіл күйі мерекенің шырайын аша түсті.

Сонымен қатар мерекелік бағдарламаның сәнін келтірген тағы бір бөлім — оркестрлік орындау болды. Абдулданова Лаура Рахманкуловнаның жетекшілігімен дайындалған оркестрлік қойылым балалардың музыкалық қабілетін дамытудағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті. Балғын өнерпаздардың үйлесімді орындауы көрермендер тарапынан үлкен ықыласқа ие болды.

Бұл мерекелік шараға балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары мен әжелері арнайы қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Ұрпақ тәрбиесіне отбасы мен балабақшаның бірлесе атсалысуы — сапалы тәрбиенің басты кепілі екені осы кеш барысында айқын байқалды. Ата-аналардың қолдауы балаларға ерекше қуаныш сыйлап, олардың сахнада еркін өнер көрсетуіне шабыт берді.

Жалпы, №58 бөбекжай-балабақшасында өткен Наурыз мерекесі ұлттық тәрбиенің маңызын айқындайтын тағылымды шаралардың бірі болды. Балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ата-баба дәстүрін құрметтеуге баулитын мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор.

Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім беруді басты мақсат етіп, жүйелі түрде түрлі мәдени-тәрбиелік шаралар ұйымдастырып келеді. Ұжымның ұйымшылдығы мен шығармашылық ізденісі әрбір өткізілген іс-шарадан анық байқалады. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың қабілетін ашуға бағытталған жұмыстар балабақшада жоғары деңгейде жүргізілуде.

Осындай игі бастамалардың жүзеге асуына балабақша басшылығының да үлесі зор.

Бүгінгі күн ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағыттаған меңгеруші Мухаметрахимова Шаттык Абишевнаның сапалы жұмысының жемісі. Тәрбиеленушілердің ұлттық рухта тәрбиеленуіне ерекше көңіл бөлетін балабақша ұжымы алдағы уақытта да мазмұнды іс-шаралар арқылы балалардың бойына адамгершілік, мәдениет және ұлттық құндылықтарды сіңіру жолында аянбай еңбек ете бермек.

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі №58 бөбекжай-балабақшасында осылайша ұлттық дәстүр мен балғын өнер тоғысқан, тәрбиелік мәні зор, жарқын көңіл күйге толы мереке ретінде есте қалды. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың ризашылыққа толы ықыласы — ұжым еңбегінің шынайы бағасы екені сөзсіз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *