Главное сегодня

Ұлттық құндылықтар — тәрбие өзегі

Алматы қаласы Түрксіб ауданы
№185 бөбекжай-балабақшасы
Асмағұлова Әлия Маратқызы

 

Ұлттық құндылықтар — тәрбие өзегі

 Бала — ұлттың болашағы. Ал болашақтың берік болуы — бүгінгі берілетін тәрбиенің мазмұнына тікелей байланысты. Балабақша — баланың тұлғалық қалыптасуындағы алғашқы қоғамдық орта. Сондықтан мектепке дейінгі кезеңде берілетін тәрбие ең алдымен ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс деп есептеймін.

Ұлттық құндылықтар — бұл тек салт-дәстүр мен әдет-ғұрып қана емес. Бұл — ана тілі, ата-баба мұрасы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, имандылық, отансүйгіштік сынды ұлттың рухани өзегі. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Баланың санасына кішкентайынан сіңген ұлттық тәрбие оның өмірлік ұстанымына айналады.

Балабақшадағы күнделікті жұмыс барысында ұлттық құндылықтарды түрлі бағытта кіріктіруге болады. Мысалы, ұйымдастырылған іс-әрекет кезінде халық ертегілерін сахналау арқылы балалардың тіл байлығын дамытумен қатар, жақсылық пен жамандықты ажыратуға үйретеміз. «Алдар көсе», «Тазша бала» ертегілері арқылы тапқырлық пен әділдікті үлгі етеміз. Ал ұлттық ойындар: «Асық ату», «Арқан тарту», «Ханталапай» балалардың ептілігін арттырып қана қоймай, ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелейді.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларда ұлттық киім үлгілерін таныстырып, олардың ерекшеліктерін түсіндіру — баланың эстетикалық талғамын қалыптастырады. Домбыра үнімен басталатын ертеңгіліктердің өзі баланың бойында ұлттық рухты оятады. Тіпті күнделікті амандасу әдебінен бастап, дастарқан басындағы тәртіпке дейін ұлттық тәрбиенің элементтері көрініс табады.

Ата-анамен ынтымақтастық та бұл бағытта ерекше маңызға ие. Отбасында жалғасқан тәрбие балабақшадағы жұмыспен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Сондықтан ата-аналарға ұлттық құндылықтардың мәнін түсіндіру, бірлескен шаралар ұйымдастыру — біздің басты міндетіміздің бірі.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтау — үлкен жауапкершілік. Балаға ұлттық құндылықтарды үйрету арқылы біз тек дәстүрді емес, тұтас ұлттың рухын, тарихын, мәдениетін аманаттаймыз. Ертең елін сүйетін, тілін құрметтейтін, салтын қадірлейтін саналы ұрпақ өсіру — әр педагогтің асыл мұраты.

Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтар — тәрбиенің өзегі ғана емес, болашақтың темірқазығы. Тамыры тереңге жайылған тәрбие ғана биік бәйтерекке айналады. Ал сол бәйтеректі баптау — біз, балабақша педагогтерінің қасиетті борышы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *