«Ағаш сыры»: ұлттық өнер мен жаңашыл тәжірибе тоғысқан тағылымды семинар
Алматы қаласы Алмалы ауданындағы №133 бөбекжай-балабақшасының ұжымы бірігіп, «Ағаш сыры» атты мазмұнды семинарды жоғары деңгейде ұйымдастыруды басты мақсат етіп қойдық. Бұл іс-шара арқылы ұлттық қолөнерді жаңғыртып қана қоймай, оны мектепке дейінгі тәрбие үдерісіне тиімді енгізу, сондай-ақ ұлттық тәрбие мен заманауи білім беру әдістерін халықаралық тәжірибемен ұштастыру көзделді.

Семинар арнайы ұйымдастырылған көрме мен қатысушыларды тіркеуден басталды. Көрмеде ағаштан жасалған түрлі бұйымдар, балалар мен педагогтердің шығармашылық жұмыстары ұсынылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл – балалардың қиялы мен еңбегінің нақты көрінісі болды.
Біз үшін халықаралық тәжірибені зерделеу маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте Оңтүстік Корея елінде болып, тәжірибе алмасып қайтқанымызды атап өткіміз келеді. Бұл сапар барысында мектепке дейінгі тәрбие жүйесінің өзіндік ерекшеліктерімен танысып, ондағы тиімді әдіс-тәсілдерді отандық тәжірибеге енгізудің маңыздылығына көз жеткіздік.
Семинардың мәдени бөлімі «Корей» биімен ашылып, ерекше атмосфера сыйлады. Одан әрі дәстүрден тыс құралдармен ұйымдастырылған музыкалық оркестр мен ағаш құралдармен жаттығу жасау әдістері көрсетілді. Бұл бөлімдер балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда тың тәсілдердің тиімді екенін айқындады.

Іс-шараның басты ерекшелігі – отбасы институтының рөлін жаңаша қырынан көрсету болды. Осы орайда шараға тыңғылықты дайындалып, ұйымдастырған жауапты тәрбиешілер Сарыбаева Лаззат Мадахметовна, Чапаева Сауле Мухановна, Жансая Құрманғалиқызы мен музыка жетекшісі Рысбекова Ақмарал Ертаевнаның еңбегін атап өту керек. Олардың жетекшілігімен «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары аясында ұлттық тәрбиенің негіздері кеңінен насихатталды. Әсіресе «Әкелер мектебі» арқылы әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ағаш өңдеу, күйдіру арқылы сурет салу жұмыстары үлкен қызығушылық тудырды. Бұл тек қолөнер емес, ұрпаққа еңбекқорлық пен жауапкершілікті үйретудің тиімді жолы екенін көрсетті.
Ал «Әжелер мектебі» бөлімінде ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні тереңінен ашылып, ағаш жоңқаларынан жасалған бұйымдар арқылы халқымыздың рухани құндылықтары дәріптелді. Балаларға ою-өрнектердің мәні мен тарихы түсіндіріліп, олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Семинар барысында заманауи әдістер де кеңінен қамтылды. Балалардың зейінін арттырып, ойлау қабілетін дамытуға бағытталған нейроойындар тәжірибе жүзінде көрсетіліп, олардың тиімділігі дәлелденді. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері кеңінен қолданылды. Семинар барысында педагогтерге арналған арнайы тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар кәсіби тәжірибе алмасып, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерді. Әсіресе, педагог-психолог Балжан Мирасқызы Рахим ұйымдастырған тренинг ерекше әсер қалдырды. Шаттық шеңберінде өткен бұл бөлімде қатысушылар корей тілінде амандасу мен алғыс айтуды үйреніп, түрлі мәдениеттер арасындағы байланысты сезінді. Тренинг барысында қимылды сергіту сәттері де ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігі артты.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, мұндай тәжірибелік алаңдардың маңыздылығын атап өтті. Ағаш қасықтармен орындалған оркестрлік қойылым іс-шараның жарқын қорытындысына айналды.
Семинарға арнайы қонақтар да қатысты. Атап айтқанда, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Мустафаева Акбота Сайлаубековна, сондай-ақ Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың ерте дамыту мәселелері бойынша құрылған Алмалы ауданының мобильді тобының мүшелері:
Бахитова Бибигуль Кенесбаевна,
Салимханова Гульмира Кабылбековна,
Жубанова Сауле Хорезимовна,
Сариева Гульназ Молдабековна қатысты.
Семинар соңында олар өзара пікір алмасып, мұндай тәжірибелік алаңдардың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Ағаш сыры» жобасы ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған тиімді бастама екені айқындалды. Қатысушылар балабақша ұжымына ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады. Ұлттық құндылық пен заманауи білім беру тәсілдерін үйлестірген бұл іс-шара көпшілікке ой салған, тәрбиелік мәні зор маңызды алаң болды. Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.
Авторы: КМҚК «N133 бөбекжай-балабақша”
меңгерушісі: Кулджина Галия Бекзуркановна
әдіскер: Ахметова Асель Куатовна
