Кітаппен жарқын әлемге
Алматы қаласы, Бостандық ауданы, КМҚК №77 балабақшада «Кітаппен жарқын әлемге» тақырыбында қалалық семинар жоғары деңгейде өтті.
Семинар басталмас бұрын балабақша ұжымы қонақтарды ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Балабақша ауласынан-ақ, кітап бейнесінде киінген ұжым мүшелері келген қонақтарға жарқын көңіл күй сыйлады. «Жұлдыз» тобының тәрбиешісі Кушекбаева Ұлбала Айтжановна мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Смағұл Алия Нұрслямқызы қонақтарды жылы жүзбен қарсы алды.

Келесі бөлімде ашық микрофон ұйымдастырылды. Қонақтар талға ілінген қағаздарды таңдап алып, ішіндегі кітапқа қатысты сұрақтарды микрофон арқылы оқып, өз жауаптарымен бөлісті. Сондай-ақ арнайы тақтаға қай балабақшадан келгендерін жазып, ізгі тілектері мен жылы лебіздерін қалдырды.
Балабақша ішіне кірген сәттен бастап қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрме тәрбиешілер Мырко Оксана Петровна, Чупикова Елена Сергеевна, Филиппова Анастасия Ивановна, Айтбаева Манат Жунисбековна, Әміржан Баян және Байжуманова Самал Жумагазиновнаның идеялары негізінде балалардың, ата-аналардың және әріптестерінің бірлескен еңбегі нәтижесінде ерекше форматта ұйымдастырылды.
Мұнда ата-аналармен бірге оқылған кітаптардың суреттері, қағаздан жасалған түрлі бұйымдар және кітаптардың сан алуан түрлері қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл ауқымды әрі маңызы зор іс-шараға арнайы қонақ ретінде балалар ақыны, қоғам қайраткері, композитор Қалжанова Жақсыгүл Шәріпханқызы және көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың немересі Сатылганова Карлыгаш Тлеулесовна шақырылды. Бұл — балаларға өнеге көрсету, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған тағылымды кездесу болды.
Семинардың ресми ашылуын №77 балабақша меңгерушісі Алибаева Айгуль Есеновна өзінің алғы сөзімен бастап, келген қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Іс-шара барысында заманауи технология да кеңінен қолданылды. Жасанды интеллект Алиса арқылы балабақша туралы мәліметтер сұралып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Осы арқылы қатысушылар балабақша жайлы тың ақпараттармен танысты.
Кейін бүлдіршіндер қолдарына кітап ұстап, әсем әуен ырғағымен би билеп, ерекше көңіл күй сыйлады.
Семинар барысында балалардың кітапханаға барып жұмыс істейтіндігі, ата-аналарымен бірге үйде кітап оқитыны жан-жақты көрсетілді. Балабақша тәрбиешілері Интыкбаева Зауре Смайловна мен Дуйсенбинова Қымбат Салимжановна арнайы презентация ұсынып, кітапханамен тығыз байланыс орнатылғанын, түрлі іс-шараларға тұрақты қатысатынын, сондай-ақ кітаптарды балабақшаға сыйға тартып, олармен жүйелі жұмыс жүргізілетінін фото және бейнематериалдар арқылы таныстырды.
Келген қонақтарға сөз беріліп, олар өздерін таныстырып, бұл іс-шараға үлкен ықыласпен келгендерін, балаларға білім мен ақыл-кеңес беруге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.
Тәрбиеленушілер балалар ақыны, қоғам қайраткері, композитор Қалжанова Жақсыгүл Шәріпханқызының авторлық балабақша туралы әнін орындап, көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады.
Келесі бөлімде жазушылармен «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілері және тәрбиешісі Саматова Майгуль Сабыржановна балалар сұхбатын ұйымдастырды. Балалар қонақтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Сонымен қатар кітаптың маңыздылығын насихаттайтын әсерлі қойылым сахналанып, кітаптың адам өміріндегі орны кеңінен көрсетілді.
Жасанды интеллект арқылы «Менің атым Қожа» тақырыбында жұмыс жасалып, оны әдіскер Тілек Жанар Бөкенбайқызы таныстырды. Ал «Қарлығаш» тобымен, «Көбелек» тобының тәрбиеленушілері Қожаның қойылымынан әсерлі үзінді көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шараның соңына қарай педагог-психолог Кошкарбаева Омиргул сергіту сәтін ұйымдастырды. Электронды тақтада көрсетілген жаттығуларды қатысушылар бірге қайталап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Семинар соңында «Көбелек» тобының тәрбиеленушілері «Шашу» биін билеп, шашу шашылып, мерекелік көңіл күймен қорытындыланды.

Осындай тағылымы мол, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін №77 балабақша меңгерушісі Алибаева Айгуль Есеновнаға, әдіскер Тілек Жанар Бөкенбайқызына, сондай-ақ барша балабақша ұжымына мың алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тілейміз!
Алматы қаласы
Білім Айнасы
Елназ Тұрсынғалиқызы
